Істі судья Кемеңгер Имашев қарайды
Гүлмира Сатыбалды және басқа да сотталушыларға қатысты басты сот процесі 14 наурызда басталады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астанада сотталушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Істі қарайтын судья Кемеңгер Имашев басты сот талқылауы 14 наурыз сағат 10:00-де өтетінін хабарлады.
Сондай-ақ іс бойынша сотталушы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды.
Істі тоқтату бойынша өтініш басты сот талқылауы барысында қаралады, – деді судья Кемеңгер Имашев.
Бұған дейін сотталушының адвокаты Әсел Рабатова Сатыбалдыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Адвокат Гүлмира Сатыбалдының бір жылдан аса уақыттан бері қамауда отырғанын айтып өтті.
Сотталушының үш баласы, бес немересі бар. Әйелге қамауда отыру қиын. Гүлмира Сатыбалды тұрақты тұрғылықты жері бар. Ол барлық сот отырысына алдын ала шақырту бойынша келуге дайын. Сол себепті бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз, - деді адвокат.
Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалды 2022 жылдың 16 наурызында қамауға алынды.
Қылмыстық іс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалды, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС-нің басшылығы және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілініп отырғанын хабарлады.
Тергеу сатысында мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелді.
Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды.