×

Сотта Гүлмира Сатыбалдының елден кетуге тырысқаны белгілі болды

Астанада қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр 

 Халық үні 09.03.2023 | 12:01
Фото: Halyq Uni

Астанада Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алдын ала тыңдау кезінде сотталушының адвокаты Әсел Рабатова Сатыбалдыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Адвокат Гүлмира Сатыбалдының бір жылдан аса уақыттан бері қамауда отырғанын айтып өтті.  

Сотталушының үш баласы, бес немересі бар. Әйелге қамауда отыру қиын. Гүлмира Сатыбалды тұрақты тұрғылықты жері бар. Ол барлық сот отырысына алдын ала шақырту бойынша келуге дайын. Сол себепті бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз, - деді адвокат.

Informburo.kz хабарлауынша, іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Альмира Қожахметова бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ екенін айтып өтті.

Егер оған негіз болса, бұлтартпау шарасы өзгертіледі. Қазірге дейін оған ешқандай себеп жоқ. Өйткені сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Гүлмира Сатыбалдының шекарадан өтуге тырысқаны анықталды. Сол себепті бұлтартпау шарасын өзгертуге қажеттілік жоқ деп санаймын, - деді прокурор.

Айта кетейік, іс бойынша үш сотталушы бар: Гүлмира Сатыбалды, Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебеков.

Гүлмира Сатыбалды 2022 жылдың 16 наурызында қамауға алынды

Қылмыстық іс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалды, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС-нің басшылығы және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілініп отырғанын хабарлады. 

Тергеу сатысында мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелді.

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама