×

Елімізде бірнеше қылмысқа қатысты жаза күшейтілетін болды

Қылмыстық кодекстің 146-бабына құқықбұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі

 Еркеғали Болатұлы 09.03.2023 | 11:46
фото: ашық дереккөз

Бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жазасы күшейтілетін қылмыс түрлерін атады.

Сенат қарауына енгізілген заң бойынша алдымен Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 1-бөлігінде жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын 3 жылдан 5 жылға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалған осындай әрекетке 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Егер ол қылмыстық топ құрамында жасалса, кінәлі адам 5-7 жылға сотталады.

Бұдан бөлек, адам өлтіру қылмысы үшін жаза күшейтіледі.

Ерекше цинизммен және қылмыстық топтың құрамында жасалған кісі өлтіру мен бандитизм үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін бермеу көзделіп отыр, - деді министр.

Қылмыстық кодекстің 146-бабына («Азаптау») «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын әрекет үшін» құқықбұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі.

Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық салада жасалатын құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілетін болды.

Еске сала кетсек, бұған дейін түрмеде отырған әйелдердің жанында баласы 4 жасқа толғанша қалуы мүмкін екенін жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама