Заң жобасында ротациялық төлемді енгізу де қарастырылған
Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Заң жобасының мақсаты – елімізде мемлекеттік қызмет бойынша атқарылатын кешенді шараларды жүзеге асыру.
«Келісімшартты қызметшілер» ұғымын заңнағамаға енгізу ұсынылып отыр. Алайда олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезінде арнаулы білім бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаев.
Сондай-ақ ротациялық төлемді енгізу көзделген.
«Мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілген. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметішінің тәрбиесін жан-жақты жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Қолданыстағы заңға сәйкес, өзге өңірлерге ротацияланатын қызметшіге үй берілуге тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетпегендіктен, ротациялық қызметкерлер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметкердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Сенат отырысында.
Заң жобасында мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған.
Мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін нақты тәртібі агенттіктің тиісті бұйрығында белгіленеді, - деді агенттік төрағасы.
Мемлекеттік басқару академиясының түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгеріс енгізіледі.
«Қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі міндетті түрде сол органда жұмыс істеуге тиіс. Яғни, мемлекеттік қызметші бір жыл бойы басқа мемлекеттік органға ауыса алмайды. Бұл мемлекеттік қызметшінің мүмкіндігін шектеп, өзінің білімін арттыруға ынтасын азайтады. Осыған байланысты осы талапты алып тастап, академия түлегінің жалпы қызметте үш жыл өтеуі талабын қалдыру ұсынылады», - деді Дархан Жазықбаев.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметте басшы мен орындаушы санын өзгерту көзделген. Қазір әр мемлекеттік орган штат кестесін өзі бекітеді. Алайда басшы мен орындаушылар саны реттелмеген.
Бір басшыға 1-2 орындаушыдан келетін жағдай кездеседі. Кей органда басшы саны орындаушыдан да асып түседі, - деді ол.
Жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту агенттікке беру қарастырылған.
«Саяси қызметшіні сенім жоғалтуына орай жұмыстан босатуға қатысты толықтыру енгізу көзделген. Заңға сәйкес, саяси қызметші саяси қызметті іске асыруға жауапты. Осыған орай президент әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілетін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні сенім жоғалтуына орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай шешімді тек мемлекет басшысы қабылдайды», - деді агенттік төрағасы.