Halyq Uni логотип
×

Еуроодақ Қазақстандағы депуттар сайлауына ерекше назар аударып отыр

Соңғы уақытта Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңызы артып келеді

 Динара Амантай 09.03.2023 | 10:10
Еуроодақ Қазақстандағы депуттар сайлауына ерекше назар аударып отыр
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельде екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарды салыстыру мақсатында ЕО негізгі институттарының жоғары өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі кабинетінің басшысы Камило Биариномен, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньмен және Еуропалық кеңес президентінің сыртқы істер жөніндегі аға кеңесшісі Магдалена Грономен кездесулер аясында 2022 жылдың күзінде өткен Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельдің Астанаға сапары және мемлекет басшысының Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейенмен келіссөздерінің қорытындылары бойынша уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланған.

Биыл Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай, Р. Василенко келіссөздерде жоғары деңгейдегі саяси диалогтың, экономикалық және сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын, адам құқықтары мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимылды ынтымақтастығымыздың келешекке бағытталған мазмұнды сипатын айқындайтын факторлар ретінде атап өтті.

Бірлескен іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) тиімді және толық іске асыру масқатында жоспарланған екіжақты әрі көпжақты форматтардағы іс-шараларға дайындық бойынша нақты қадамдар талқыланды. Атап айтқанда ҚР – ЕО Ынтымақтастық кеңесінің, саяси және сауда конфигурацияларындағы ҚР – ЕО Ынтымақтастық комитеттерінің 20-шы мерейтойлық отырысын, «Орталық Азия – Еуропалық одақ» екінші Экономикалық форумын өткізу мәселелері қаралды.

Қазақстандық дипломат серіктестерді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Биыл 19 наурызға жоспарланған Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына еліміздегі дайындыққа ерекше назар аударылды.

Украинадағы қақтығысты қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша, сондай-ақ оның айналасындағы санкциялық текетірестің Қазақстан экономикасы үшін ықтимал теріс салдарларын шектеу қажеттігі төңіргінде жан-жақты пікір алмасу өтті.

Еуропалық тарап екіжақты және көпжақты күн тәртібінің жоғары қарқынын атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және КӘЫК қағидаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытты. К. Биариноның пікірінше, соңғы уақытта Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңызы артып келеді.

Тараптар жаһандық турбуленттілік жағдайында ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін саяси диалогтың оң динамикасын сақтаудың маңыздылығымен келісті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама