Ақтөбе облысында тағы бір жолды су басу қаупі бар
Облыс басшысы аймақты аралап, шұғыл тапсырма берді
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Алға және Темір аудандарына барып, су тасқыны қаупі басым аумақтарды аралап шықты. Су шайып кетуі мүмкін жолдарды қарап, бөгетті бекітуді тапсырды.
400 шақырымды құрайтын әуе маршруты Алға және Темір аудандарын қамтыды. Өңір басшысы Алға ауданын аралаған кезде Жерұйық ауылы маңындағы Жіңішке өзенінің бастауын, Қайыңдысай ауылында ескі Тәңірберген бөгетін көріп, Көлтабан ауылындағы ескі Көлтабан бөгетін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Су деңгейін көріп, аудан басшылығына шұғыл түрде Көлтабан бөгетін қалпына келтірудің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында Темір ауданы аумағындағы «Шұбарқұдық-Ойыл» автожолының жайымен танысты. Күннің күрт жылынуы мен қалың қар салдарынан автожолдың 16-шақырымында су шаю қаупі туындады.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде қауіп сейілді. Еріген қар суы су өткізгіш құрылыстар арқылы өтеді. Ералы Тоғжанов Темір ауданының әкіміне Шұбар ауылында арық желілерін салуды тапсырды. Әуе маршруты Сазды, Тамды өзендерінің бастауын бағамдаумен қорытындыланды. Өзендердегі мұз әлі қатып тұр. Облыс әкімі өңірде су тасқынын болдырмау жұмыстары бойынша тұрақты мониторингті күшейту қажеттігін атап өтті», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.