Олар есірткі сатты деген күдікке ілінген
Жетісу облысында есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Талдықорғанда облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, кезекті есірткі сататын нүктені жойды.
Полицейлер есірткі саудасына қатысы бар күдікті ерлі-зайыптыны ұстады.
Ерлі-зайыпты өсімдік тектес есірткі заттарын тарату және сату фактісіне қатысы бар деп күдікке ілінді. Ерлі-зайыпты жалпы салмағы шамамен 10 грамм болатын гашиштің екі дозасын сату кезінде ұсталды. Фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауда отыр, – делінген Жетісу облысы полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 23 келі түрлі есірткі тәркіленді. Есірткі саудасына қатысы бар 8 күдікті ұсталды.