×

ШҚО-да 15 жыл көріспеген апалы-сіңлі түрмеде қауышты

Оларды кезінде анасы 12, 3 және 1,5 жастарында балалар үйіне өткізіп жіберген

 Еркеғали Болатұлы 08.03.2023 | 12:20
фото: ШҚО ҚАЖД баспасөз қызметі

ШҚО Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты №24 мекеме қызметкерлері 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 15 жыл бұрын бір-бірінен көз жазып қалған апалы-сіңлілі қыздардың кездесуіне себепші болды.

Жолы екіге айырылып, қайта қауышқан қыздардың бірі аталған мекемеде жазасын өтеп жатыр. ШҚО ҚАЖД мәліметінше, жазасын өтеуші әйел күйеуінен қорғанамын деп абайсызда оған дене жарақатын салғаны үшін істі болған. Ал өзінің айтуынша, олар 4 ағайынды (3 қыз, 1 ұл) болған. Өкінішке қарай, бауыры дүниеден ерте озған.

Жазасын өтеушімен кездесуге түрмеге Алена есімді сіңлісі келді. Ол қазір 22 жаста. Алматыда тұрады екен. Тұрмыс құрған.

Сотталған әйел сіңлісімен көрісемін деп ойлаған жоқ. Мекеме қызметкерлері оларды жолықтыруды жоспарлы түрде ұйымдастырды. Сотталған әйел колония асханасында жұмыс істейді. Оны «асханаға көмегің керек» деп шақырып алдық. Ал сол жерде оны көптен көрмеген сіңлісі күтіп тұр еді. Бәріміз көзімізге жас алдық, өте әсерлі болды. Оларды кезінде анасы балалар үйіне өткізген. Сотталған әйелдің жасы ол кезде 12-де, одан кейінгі сіңлісі 3 жаста, ал кенже сіңлісі 1,5 жаста болған, - деді ШҚО ҚАЖД баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ ведомство өкілі сотталған әйелдің кіші сіңлісі қазір ауруханада ем алып жатқандықтан кездесуге келе алмағанын атап өтті. Жалпы, колония қызметкерлері сотталған әйелдің сіңлілерін қаңтар айында тауып, байланыс орнатқан. Содан бері олар бір-бірімен телефон арқылы сөйлесіп тұрыпты.

«Біз осыған дейін телефон арқылы ата-анамыз туралы сөйлестік. Алдағы уақытта айтар әңгімеміз әлі көп», - дейді жазасын өтеуші.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама