Halyq Uni логотип
×

Солтүстік Қазақстанда қант бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлер анықталды

Өңірде әлі күнге дейін қант тапшылығы байқалып отыр

 Самат Жақып 31.03.2022 | 17:05
Солтүстік Қазақстанда қант бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлер анықталды
коллаж: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер қанттың бағасын негізсіз қымбаттатқан. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау департаментінің өкілдері мәлімдеп отыр.

Мамандар арнайы мониторинг жүргізіп, елдегі жағдайды өз пайдасына асырып, құмшекер бағасын наурыз айында бірден 25% өсіріп жіберген «пысықайларды» анықтады. Яғни, олар өзара келісіп, қымбатшылықты қолдан жасаған. Нарықтағы үстемдігін пайдаланып, заң талаптарын бұзған.

Енді аталмыш кәсіпкерлер жақын арада баға саясатын реттемесе, оларға қатысты тексеріс жүргізіледі.

Жалпы, қазір өңірде көтерме қант саудасымен жеті компания айналысады. 

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 14 наурыздағы тапсырмасына сәйкес облыс аумағында арнайы талдау жұмыстары жүргізілді. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, биыл наурыз айында қант бағасы 25% өскен. «Қант -СК» ЖШС осы айда көтерме бағаны 276-дан 298 теңгеге, кейін 333 теңгеге дейін өсірген. Ал «Козлова Н.А» жеке кәсіпкерлігі 268 теңгеден 333 теңгеге қымбаттатқан. Осыған байланысты ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабы, 1-тармағына сәйкес оларға арнайы хабарлама жіберілді. Яғни 30 күн ішінде олар бағаны түсіруге тиіс. Егер ол орындалмаса біз тергеуді бастап, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғаймыз», - дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысы Мәрлен Хамзин.

Егер іс қозғалған жағдайда, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған табыстың бес пайызы мөлшерінде айыппұл салынады. Және монополистік қызметті жүзеге асырудағы бір жылдық кірісі табысы тәркіленеді.

Қазір СҚО-дағы сауда орындарында қант жан басына тек бір келіден ғана сатылып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама