×

Өмір бойына сотталмайды, жынысына қарай кемсітуге болмайды: әйелдер туралы заңда не жазылған

Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 65-орында тұр

 Айгерім Таубай 07.03.2023 | 15:52
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда әйелдер өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілмейді. Бұл туралы қылмыстық кодексте жазылған. Сондай-ақ Ата заңда ешкімді жынысына қарай кемсітуге болмайтыны көрсетілген.

Халықаралық әйелдер күніне орай Halyq Uni гендерлік теңдік және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты деректерді жинақтады.

Әйелдер өмір бойына сотталмайды

Елімізде заңға сәйкес әйелдер өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілмейді. Бұл туралы қылмыстық кодекстің 46-бабы («бас бостандығынан айыру») көрсетілген.

Өмір бойына бас бостандығынан айыру 18 жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, 63 жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды, деп жазылған заңда.

Қазақстан Конституциясында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені жазылған.

Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды, деп жазылған Ата заңда.

Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 65-орында

Қазақстан 2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша 15 позицияға көтерілды. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, рейтингте 146 елдің ішінен 65-орында тұр.

1995 жылы Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алды. 1998 жылғы желтоқсанда Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

Қазақстан – Париж қаласындағы «Ұрпақ теңдігі» форумы шеңберінде жарияланған гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Іс-қимыл коалициясының қатысушысы.

Коалиция теңдікті қамтамасыз ету жолындағы ең қиын кедергілерді жоюға бағытталған.

Сондай-ақ еліміз Біріккен ұлттар ұйымының 2022-2024 жылдарға арналған Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі. Ол жерде гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын кеңейту басым бағыттың бірі.

Қыз алып қашу – қылмыс

2016 жылы қабылданған «Қазақстандағы 2023 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік теңдік тұжырымдамасында» отбасы, ер мен әйелдің ажырасуына не себеп болатыны көрсетілген. Сондай-ақ қыз алып қашудың қылмыс екені нақты жазылған.

Қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары бар, бұл құқықтық және зайырлы мемлекетте қылмыс болып табылады, - деп жазылған.

Бұл қылмыстық кодексте де нақты көрсетілген. ҚК 125-бабында («адамды ұрлау») 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал адамдардың алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған осындай әрекет 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуға әкеледі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң

2010 жылдан бастап «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қолданысқа енгізілді.

Ресми ақпарат бойынша, 2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты тұрғындар полицияға 120 501 рет хабарласып, хабарлама жіберген.

Оның ішінде ең көп қоңырау Астана (11 302), Алматы қаласы (11 161) және Қарағанды облысының (9 963) тұрғындарынан түскен.

Ел бойынша тұрмыстық қиын жағдайға тап болған адамдар паналай алатын 63 дағдарыс орталығы бар. Олар елдегі барлық өңірде жұмыс істеп тұр. Ішінде 51 орталықта баспана қарастырылған.

2022 жылы дағдарыс орталықтарына 7,6 мың әйел балаларымен бірге жолданған.

Саясаттағы әйелдер

2020 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер қабылданды. Оларға сәйкес партиялық тізімдер әйелдер мен жастар өкілдігінің кемінде 30%-ын ескере отырып қалыптастырылады.

Сондай-ақ қазір үш министрлікті әйел басқарады. Олар: денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова және экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.

Әйелдердің басым бөлігі қалада тұрады

2023 жылдың 1 ақпанындағы ақпарат бойынша қалада 6 404 335 әйел, ауылда 3 725 234 әйел тұрады.

Өңірлер бөлінісінде әйелдердің саны бойынша Алматы қаласы (1 157 823), Түркістан (1 040 069) және Алматы облыстары (753 562) көш бастап тұр.

Еңбек нарығында 4,3 миллион әйел жұмыспен қамтылған. Олардың басым көпшілігі білім беру саласында еңбектенеді – 851 мың, тағы 828 мыңы көтерме немесе бөлшек саудамен айналысады. 451 мыңы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында қызмет етіп жүр.

401 мың әйел денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында, тағы 328 мыңы өнеркәсіп секторында жұмыс істейді.

Тек 74 мың әйел өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама