×

Министр, музыкант, қаржыгер: Шетелде танылған қазақ қыздары

Халықаралық әйелдер мерекесіне орай арнайы топтаманы назарларыңызға ұсынамыз

 Айнұр Шошаева 08.03.2023 | 10:53
Коллаж: Halyq Uni

Бүгінде дүниенің әр қырында тұрып жатқан және өз саласы бойынша танылған қазақтар жеткілікті. 

Белгілі пианист Элеонора Нақыпбекованы Еуропа жұртшылығы Элеонора Бекова деген атпен таниды. Өткен ғасырдың 70 жылдарында бір үйдің Альфия, Элеонора және Эльвира есімді үш қызы «Апалы-сіңілі Бековалар» деген трио құрып, өнер көрсете бастады. Трионың атағы одақтан асып әлемге танылды, түрлі гастрольдік сапарлап, концерттер беріп жүрді. 80-жылдарындың ортасында Англияға қоныс аударып, сол жақта тұрақтап қалды. Қыздардың шетелге кетуі елде үлкен резонанс тудырды.  

Элеонора Бекова 30 жылдан астам уақыттан бері Англияда тұрады. Қазір қайырымдылық шаралары мен және қазақтың мәдениетін насихаттау баңытында жұмыс істейді. Апалы-сіңілі Бековалар гастрольдік сапарларға шығып, классикалық өнерді сүйетін тыңдармандарын қуантып отырады. Айта кетейік, белгілі дирижер Мариус Ставинский Элеонора Бекованың ұлы. 

АЙДЫНДАҒЫ АЛТЫНАЙ

Алтынай Асылмұратованы бекзат өнер балет сүйер қауым жақсы біледі. Әкесі Абдуахим Асылмұратов Абай атындағы опера және балет театрында еңбек еткен, ҚазССР еңбек сіңірген әртісі болған. Алтынай әр жылдары Ленинград опера және балет театры, Мария театры, Лондон корольдік балеті және Ролан Пети Марсель балетінде өнер көрсеткен. А.Ваганова атындағы орыс балеті академиясының көркемдік жетекшісі болды.

2015 жылдан бастап Асылмұратова Қазақстанның театрларымен тығыз жүмыс істей бастады. Алдымен «Астана-опера» театры балетінің көркемдік жетекшісі, одан кейін Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры болып қызмет атқарды. Былтырдан бастап Қазақ ұлттық хореография академиясының көркемдік жетекшісі болып отыр. 

АҚ ҮЙДЕГІ ӘСЕЛ

Тағы бір қазақ қызы Әсел Роберст (Төленова) АҚШ президентінің хаттамасы басшысының орынбасары болып жұмыс істейді. Ол Жамбыл облысында дүниеге келіп, АҚШ-қа жасөспірім кезінде көшіп кеткен.

Америкадағы орта мектепті бітірген. Содан кейін университет, Ақ үйде тағылымдама болды. Ақ үйдің сайтында Әселдің хаттама қызметінің директоры екендігі туралы ақпарат бар. Ол онда 2014 жылы Барак Обаманың кезінде жұмыс істеуге келген деген ақпарат жарияланды. 

СӘУЛЕ ОМАРОВА

Екі жыл бұрын қазақстандықтардың назарын аударған қазақ қызы – Сәуле Омарова болды. АҚШ Президенті Джо Байденның АҚШ Валюталық бақылау басқармасының басшысы лауазымына Сәуле Омарованы ұсынды деген жаңалық тез таралды. Сәуле Омарова американдық ғалым, Корнелл университетінің банк құқығы профессоры, қаржы институттарын реттеу, банк құқығы, халықаралық және корпоративтік қаржы саласындағы маман.

Орал қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Мәскеу университеті (Ленин стипендиясын алған) мен Мадисондағы Висконсин университеті арасындағы студенттік алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-қа келіп, КСРО ыдырағаннан кейін сол жақта қалып қойды. Түрлі жекеменшік заң фирмаларында, сондай-ақ президент Джордж Буштың Әкімшілігінде жұмыс істеген.  

Айта кетейік, Омарова АҚШ-тың валюталық бақылау басқармасының басшысы лауазымына үміткер болды, бірақ көптеген саясаткерлер мен қаржыгерлерден қолдау таппады. Нәтижесінде ол өз кандидатурасын үміткерлердің қатарынан алып тастауға өтініш берді. 

ЧЕХИЯДАҒЫ МИНИСТР

Жәмила Стегликованың есімін қазақстандықтардан гөрі чех халқы жақсы біледі. Себебі ол көп жылдан бері Чехияда тұрады және өзінің саяси және қоғамдық мансабын сол жақта жүзеге асырды. Ол Алматы қаласында архитектор Алмас Ордабаев пен белгілі ғалым-химик Рауза Сембаеваның баласы.

1988 жылдан бастап күйеуімен Чехословакияға қоныстанып, қоғамдық жұмыстармен айналыса бастады. 2007-2009 жж аралығында Чехияның адам құқықтары және ұлттық азшылықтар министрі және Чехия Үкіметінің Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің төрағасы қызметінде болды.  

Қазір ол Чехияның либералды-экологиялық партиясының жетекшісі.

Суреттер кейіпкерлердің жеке архивінен алынған

Серіктес жаңалықтары

Сараптама