×

Елімізде 10 миллионнан аса әйел тұрады

Нәзік жандардың көбісі - Алматы қаласында

 Дастан Жұмабекұлы 07.03.2023 | 14:27
фото: ашық дереккөз

Ұлттық статистикалық бюросының мәліметіне қарағанда, елімізде әйелдердің саны 10 миллионнан асады.

1 ақпандағы соңғы дерек елімізде 10 118 282 әйел тұратынын көрсетті. Оның 6,3 миллионы – қалалық жерде, 3,7 млн нәзік жан ауылда тұрып жатыр.  

Әйелдердің көбісі Алматы қаласында тұрады. Онда 1 157 823 әйел бар. Түркістан облысында 1 040 069, Алматы облысында 753 562 нәзік жан тұрады екен.

Еліміздегі қыз-келіншектердің орташа жасы – 33,7 жас. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2,6 жылға көбейген. Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы карантин кезінен, яғни 2020-2021 жылдардан кейін қайтадан өсіп, 78,3 жас болған.

Еңбек нарығында 4 302,6 мың әйел жұмыспен қамтылған. Олардың басым көпшілігі білім беру саласында жұмыс істейді. Бұл салада 851 мың адам қызмет етеді.  828 мың нәзік жан көтерме немесе бөлшек саудамен айналысады. 451 мың әйел ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылған. 401 мың әйел денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында, тағы 328 мыңы өнеркәсіп секторында жұмыс істейді. 74 мың әйел өнер, ойын-сауық және демалыс саласында қызмет етеді, – делінген Ұлттық статистикалық бюросының мәліметінде.

Сондай-ақ 849 мың әйел – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басшысы. Бұл – елімізде тіркелген ЖК-нің жалпы санының 53,5 пайызы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама