Қазақстанда оқулықтардың 79%-ы цифрлық форматқа көшірілген

Дәурен Ерболат

2024 жылы оқулықтар түгелдей цифрлық форматқа көшіріледі

Фото: inform.kz

Бүгінде елімізде оқулықтардың 79%-ы цифрлық форматқа көшірілген. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, оқу процесін басқаруды цифрландыру үшін республика бойынша 7 мың мектепте электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары енгізілді: Kundelik, Білімал, EDUS және тағы басқа. Бұл платформалардың оқушылар мен ұстаздарға арналған мобильді қосымшалары бар.

Бүгінде оқулықтардың 79% цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқулықтар тізіміне кірді. Виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізіліп жатыр. Электрондық оқулықтар әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспалар ат салысты. Пәндерді электрондық оқулықтармен 100% қамту 2024 жылға жоспарланған. Педагогтер үшін электрондық оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды, - деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылып жатыр.

«Қазіргі уақытта 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. 2023 жылдың басынан бастап цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды күн сайын 3 млн оқушы мен мұғалім қолданады. Цифрлық білім ресурстарында барлық сыныпты қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланды», - деді Ғани Бейсембаев.

Министр үкімет басшысына пәндерді оқытудың жаңа тәсілі жетілдірілетінін атап өтті.

Әлихан Асханұлы, оқу процесін цифрландыру аясында пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін одан әрі жетілдіру үшін электронды білім ресурстарының сурдоаударма және аудио сүйемелдеу арқылы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек, – деді министр.

Цифрлық білім беру ресурстарын мобильді құрылғыларға бейімдеуді жалғастырамыз. Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру -министрлік алдындағы басты міндет», - деді басшы.