Қоғамдық орында балағат сөз айтсам, мені жауапқа тартуға болады – Марат Ахметжанов
6 наурызда балағат сөз айтатындарға қарсы жаза күшіне енді
Қазақстанда 6 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске балағат сөз айтқаны үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін норма күшіне енді. Бұдан былай қоғамдық орындарда балағат сөз айтқаны және қорлағаны үшін құқықбұзушыға 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады.
Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») толықтырылды.
Бүгін журналистер жаңадан күшіне енген заңға қатысты Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа бірқатар сұрақ қойды.
Журналист: Сіз осы заңнан кейін қазақстандықтар аз боқтап, мәдениеті жоғары болады дегенге сенесіз бе?
Марат Ахметжанов: Менің ойымша, қоғамдық орында, осындай жағдай болса, ол лайықты жазасын алады.
Журналист: Сіз балағат сөз айтасыз ба?
Марат Ахметжанов: ...Мысалы, мен қоғамдық орында балағат сөз айтсам, жауапкершілікке тартуға болады.