×

«Әкесіне тартқан»: Әулиекөлде бойы 2 метрден асатын қыз тұрады

Киім жағы өте қиын, тапсырыспен тіктіремін, - дейді ол

 Еркеғали Болатұлы 07.03.2023 | 12:20
фото: дереккөз

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тұратын Аружан Ишанбекова – Қазақстандағы ең бойшаң арулардың бірі. 17 жастағы студенттің бойы екі метрден асады. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Аружан анасымен бірге осы ерекшелігі туралы NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген.

Аружан колледжде «Дене шынықтыру» мамандығында 2-курста оқиды. Айтуынша, бойы соңғы рет өлшегенінде 2,2 метр болған.

Сондай-ақ ол Әулиекөлде волонтерлікпен айналысады. Айтуынша, ерікті ретінде талай іс-шараға қатысқан.

Біз үйде жеті ағайындымыз, мен – отбасында бесінші баламын. Бойым әкеме тартқан. Ол кісінің бойы – 1 м 95 см. Екі ағам да бойшаң, бірақ олар менен аласа, - дейді Аружан.

Айтуынша, бойшаңдығы кейде өзіне ыңғайсыздық тудыратын көрінеді.

Кейде ыңғайсыз жағдайлар болады. Көшеде көрген адамдар маған бірден назар аударады, суретке түсейік деп жиі айтып жатады. Сосын киім жағы өте қиын, тапсырыспен тіктіремін, - дейді ол.

Аружан мектепте оқып жүрген кезінде бокс секциясына барған. Волейбол, шахматты да жақсы ойнайтынын айтады. Аружан дүниеге келгенде салмағы мен бойы жағынан өз ағалары және әпкесінен асып туған. Бұл туралы оның анасы айтып берді.

Аружан алдыңғы балаларымнан ерекше болып дүниеге келді. Туған кезде бойы – 54 сантиметр, салмағы - 5,8 келі болды. Аружан әкесіне ұқсаған. Әкесі жағынан бойшаң туыстарымыз бар. Біздің әулетте ең бойшаңы – Аружан. Ағаларының бойы оныкіне жетпейді, олардың бойы – 1,89-1,90 метр, - дейді анасы, күміс алқа иегері Жаңагүл.

Жеті баланы дүниеге әкелген Аружанның анасы, сондай-ақ, қызымен мақтанатынын жеткізді.

Қызыммен мақтанамын. Осындай сұхбат бергенімізге қуаныштымыз. Аружан болашақта модель болғысы келеді. Біз де оның арманы орындалса екен дейміз. Бірақ оның жанында демеп жүретін жағдай жоқ. Мен үйде бала тәрбиесімен айналысамын, ал әкесінің денсаулығы оған мүмкіндік бермейді, - дейді Жаңагүл.

Айта кетсек, былтыр Қостанай облысында болған өрт кезінде Аружанның отбасы да Әулиекөлден басқа қауіпсіз ауылға эвакуацияланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама