×

Шымкентте студент көліктен 2,5 теңгеге жуық ақшаны ұрлап кеткен

Ол заңсыз әрекетке қаржы тапшылығынан барғанын жеткізді

 Динара Амантай 07.03.2023 | 11:47
Фото: polisia.kz

Шымкентте автокөліктен 2,5 млн теңгеге жуық ақша ұрлаған ер адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Әл-Фараби ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданған. Ол өз арызында үйінің ауласында тұрған Hyundai Elantra автокөлігіне белгісіз адам ұрлыққа түсіп, ішінде болған 5 мың АҚШ долларын және 180 мың теңгесін жымқырып кеткендігін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеден асады.

Болған оқиға бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, қылмысты ашу үшін шұғыл түрде іске кірісті. Ұрлық болған аймақты бір шолып шығып, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап, жақын маңайдағы азаматтардан түсінік алынды. Нәтижесінде күдікті азамат анықталып, басқармаға жеткізілді. Оның Шымкент қаласының тұрғыны, 20 жастағы студент екені анықталды.

Тергеу кезінде белгілі болғандай, күдікті таңертеңгі сағат 08:00 шамасында көше бойында ешкім жоқтығын пайдаланып, маңайдағы үйлердің біріне қақпасы арқылы заңсыз кірген. Аулада тұрған автокөліктің алдыңғы оң жақ терезесін сындырып, ішіндегі ақшаларды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап отыр. Заңсыз әрекетке қаржы тапшылығынан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігімен («Ұрлық») сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама