«Жазушы болып күн көру қиын»: ВВС байқауында бас жүлде алған алғашқы қазақ қызымен сұқбат

Ая Өміртай

Радиодрама – Британияда танымал жанр

Фото: жеке архивтен

Айнұр Кәрім – драматург, сценарист, аудармашы. Оның «Паспорт» атты комедиясы ВВС дүниежүзілік қызметінің радиопьесалар байқауында бірінші орын алды. Бүгінде Британияда өте танымал саналатын радиопьеса жанры бізде әлдеқашан ұмыт болған деуге де болады. Ал Айнұр алпыс жылдан бері өткізіліп келе жатқан ВВС радиопьесалар жеңімпазы атанған алғашқы қазақ. Halyq Uni тілшісі жазушының өзімен сұқбаттасып, тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінің ерекшелігі жайында әңгіме өрбітті. 

– Сіздің пьесаңыз BBC және British Council ұйымдастырған халықаралық радиопьеса байқауында жеңіске жеткенін естіп, өзіңізбен жақын танысқымыз келіп отыр. Бұл қандай байқау және оған қалай қатысып жүрсіз?

– Радиодрама – Британияда танымал жанр. Екі жыл сайын BBC радиосы әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға арнап байқау өткізеді. Шамамен 1500-дей өтініш түскенімен, арасынан екеуі ғана жеңімпаз болып танылады. Жүлдегердің туындысы BBC радиосында қойылады және 2500 фунт қаржылай марапат беріледі. BBC шарттарына сәйкес, хикаяның ұзақтығы 53 минут және алты кейіпкерден аспауы керек. Сіз визуалды әдістерді пайдалана алмайсыз, мұнда тек дыбыстық әдіс-тәсіл қолданылады. «Паспорт» пьесасын жазған кезімде оқиғаларды көрмес үшін көзімді жиі жұмауға тура келді. Барлық әрекет диалог пен дыбыс арқылы берілуі керек. 

– Тамаша! Сізді осы байқауда жүлдеге ие болған тұңғыш қазақ әйелі деп айта аламыз ба?

– Әзірге, солай! 

– Пьесаның негізгі тақырыбына нені арқау еттіңіз? Саяси комедия жанрында қалам тартуыңыздың себебі қандай?

– Бір жолы әлеуметтік желіде бір жазбаны оқып қалдым. Пост авторы құжаттары бар әмиянын тауып алып, иесіне қайтарғысы келетінін жазған екен. Астындағы пікірлерін оқысам, көпшілігі әмиянды қайтармау керектігін айтып жатыр. Неге десеңіз, әмиянды тауып алған адам ұрлық жасауы мүмкін деп айыпталып, іс насырға шабуы мүмкін екен.  Жоғалған паспорт туралы әңгімем осылай дүниеге келді. Өзім күлгенді ұнатамын, сондықтан оқиға бірден комедияға айналды. Тақырып неге маңызды дейсіз. Ешқашан «қазір осы тақырыпты көтеріп, бірдеңе үйретемін» деген оймен жазбаймын. Оқиға көңілімнен шығып тұрса, сол жайында айтқым келеді.

– Жалпы мұндай байқаулар мен түрлі марапаттар қаламгерлердің шығармашылық өсуіне ықпал ете ме?

– BBC-дің аудиториясы айтарлықтай көп, кері байланыстың қаншалықты болатынын алда уақыт көрсетеді. Бірақ BBC-ге дейін де біз АҚШ-та спектакльді оқып берген едік, тыңдармандар нақ керек тұсында күліп отырды. Әзіл – әмбебап тіл. Байқаулардағы жеңістерге келер болсақ, шынымен де авторға дем береді. Жазушы еңбегінің мойындалуы, танылуы, жаңа аудиториямен араластығы, өзге де жобаларға шақырылуы сынды игіліктер қаламгердің жолын аша түсетіні сөзсіз.

– Қазақстанда шығармашылығыңыз қаншалықты бағаланып жүр? Әдеби ортамен араласып тұрасыз ба?

– Әрине! Қаңтар айында Шымкентте Шанин атындағы театрда спектакльдің премьерасы өтті. «WhatsApp 5Б?» қойылымы – барлық оқиға виртуалды кеңістікте өтетін ата-аналық чат комедиясы. Айтпақшы, қойылымның сахналануына режиссер Фархад Молдағали ұйымдастырумен болған Drama.kz фестивалі мен шеберханасы көп ықпал етті. Мен «Дактиль» әдеби журналына да көмектесіп тұрамын. Яғни, жаңа авторлар іздеймін, редакциялау, баспаға мәтіндерді аудару сынды жұмыстарға қолғабыс етемін. Қазақ жазушыларының арасында бірнеше жақын достарым бар, сценарийлер немесе басқа жобалар бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. 

– Қазақ жазушыларының кәсіби деңгейі мен дайындығы, шығармашылығы туралы не айтар едіңіз?

– Мен біздің «Дактиль» журналына жарияланған әңгіме, жаңа автор бола ма, барлығын қалдырмай оқуға тырысамын. Осы соңғы санындағы әңгімелер жинағын оқып шықтым. Артықшылығымен бірге, кемшілігі де қоса жүреді. Мұның барлығы әдеткі құбылыс, әркімнің өз стилі, өз талғамы бар. Бізде театрға арнап жазатындар көп. Менің ойымша, тек қазақстандық авторлардың ғана туындысы сахналанатын театр ашатын кез әлдеқашан жетті. 

– Менің білуімше, негізгі мамандығыңыз заңгер. Бәлки, таңсық дүние де емес шығар. Дегенмен әдебиет саласына қалай қатар алып жүрсіз?

– Оныңыз рас. Заңгерде бар жұмыс принципі, жазушыда да ұқсас. Сюжет, сюжеттің дамуы, шарықтау шегі мен шешімі. Мен сценарийлер жазудан, желілік әдебиеттерден көбірек ақша табамын. Жазуға қатысы жоқ шағын кәсібім де бар.

– Қазақстанда драматург немесе жазушы болып күн көрудің қиындығы туралы айтылады, сіз не айтар едіңіз?

– Менің ойымша, бұл әлі де қиын. Ақша табу үшін авторлық құқық сақталатын нарықтарға кіру керек. Ал театрға билет 20 доллардан асады. Әзірге, менің білуімше, жазушылардың бәрі сценарий жазумен, копирайтингпен немесе желілік әдебиетпен айналысып күн көріп отыр. 

– Жазушы болуға талаптанып жүргендерге айтар кеңесіңіз бар ма?

– Мен өз мысалымнан ғана айта аламын. Бір оқиғаны ойлап тапсам, алдымен оны айналамдағылардың бәріне айтамын. Достарыма, отбасыма дегендей. Егер олар бірінші минутта емес, шамамен үшінші минутта жалыға бастаса, демек жақсы әңгіменің шеті көрініп тұрғаны. Шындап айтар болсақ, мұнда бәрі стандартты – өзіңізге ұнайтын дүниені жазыңыз. Бірақ мәтінді нақышына келтіремін деп әуре болмаған дұрыс,  әдепкі нұсқа ең тәуірі болып  қала береді көбіне. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен Ая Өміртай