Полицияда көпбалалы ана қызмет етіп жүр
Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, - деді ол
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының полиция бөлімінде Маржан Манаш есімді көпбалалы ардақты ана қызмет етіп жүр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Маржан Асқарқызы жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Полицей өз қызметін Жаңаөзен қаласында жедел басқару орталығында бейнебақылау кезекшілік инспекторы болып бастаған. Содан полиция капитаны болып, ер адамдармен тең дәрежеде қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесінде талай жетістіктерге де жетіп үлгерген. Жұмысына деген адалдығы, халыққа қалтқысыз қызметі еленіп, бірнеше рет марапатталған.
Маржан Асқарқызының айтуынша, қызметте де, отбасында да үнемі қолдау көрсетіп, бірге қол ұстасып келе жатқан жолдасы да бұрын әскери қызметте болған. Қазір нәзік жан полицей отағасы екеуі отбасында 6 бала тәрбиелеп, аяулы ана, сүйікті жар болып отыр.
Алты баланың екеуі – студент. Үлкен қызымыз Ақтөбе қаласында білім алып жатқан медицина саласының 2 курс студенті болса, кенжеміз биыл 1 жасқа толды. Болашақта балаларымның бірі полиция қызметін таңдап жатса, таң қалмаймыз. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата-анасының халық үшін етіп жатқан еңбегін көрген бала да осы саланы таңдауы мүмкін. Адамның бойында жауапкершілік, әділдік, жеделдік сияқты қасиеттер болуы керек. Әйел заты болғандықтан қоғам тыныштығымен қатар, бесік тыныштығын сақтауға деген жауапкершілікті білемін әрі оны сезінемін, – деді ол.
Көпбалалы полицейдің айтуынша, ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінде заң факультетін бітіріп, ішкі істер органдарына қызметке тұрған. Бұл мамандықты таңдағанына да еш өкінбейді.