×

Байзақта жарылыс қайта басталады: шаруалар әскерилердің әрекетіне наразы

Әскерилер қару қалдықтарын жоюды сәуір айының соңына белгілеп отыр

 Ұлдана Жұбай 31.03.2022 | 15:33
фото: Halyq Uni

Жамбыл облысындағы жарылыстар қайта жалғасатын болды. Билік өкілдері Байзақ ауданында қару қалдықтарын жою жұмыстарын бастамақ. Алайда, жергілікті тұрғындар шенділер мен әскерилердің бұл әрекетіне наразы. Олар қару қалдықтарын елге ескертпей жаратынын айтып, тоқтатуын талап етіп отыр. Айтуынша, көктемгі мал төлдету кезінде жарылыстар дүмпуі тұрғындардың жайылым жерлерге баруын шектейді екен.

«Мен тура әскери бөлімнің түбінде отырмын. Бізде де кішкентай бала-шаға бар. Бәрі қорқып жатыр. Өткенде сол жарылыстан әзер дегенде құтылған едік. Қоралардың бәрі шашылып жатыр, оның үстіне оны ешкім жөндемеді. Тура үйдің түбінде - мына жағында 500, мына жағында 500 метр фазендалар тұр», - дейді шару қожалық басшысы Әбдрахман Қаһарманов.

Байзақ ауданында былтыр болған жантүршігерлік жарылыс елдің есінен кете қоймаған. Олар қайта жарылыс болу қаупінен қорқатынын, ескерту түрінде ешқандай хабарлама алмағанын айтады. 28 наурызда елге ескертпей жару жұмысын жүргізуге дайындық жасап, дүмпу болған. Малы төлдеп бастаған, көктемгі жайылымда өрісі кеңейетінін жеткізген тұрғындар қару қалдықтарын жоюды басқа жерде жүргізуін талап етіп отыр.

«Мал төлдеп жатыр. Ертең жарылыс басталса, мына малымызға не болады? Оның төліне не болады? Бағып жүрген адамдарымызға не болады? Сынықтары 1,5 шақырымға дейін ұшып жатыр. Не әскерилер, не әкімдіктен келіп ешкім ескерткен жоқ», - дейді тағы бір қожалық иесі Ғалымжан Ақылов.

Ал, әкімдіктегілер әскерилердің өз жоспары барын айтып, дүмпу болады деп дүрлігуге негіз жоқ дегенге келтірді. Қауіпсіздік мақсатында қару қалдықтарын адам аяғы алыс жерде жармақ. Бірақ нақты мерзімі белгіленбепті.

Халыққа хабарлап айтамыз, ескертеміз. Бүгін ешқандай жарылыс болған жоқ. Негізі түске дейін жарылыс ұйымдастырайық дегенбіз. Енді бір айға кейінге қалдырылды, - дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Жергілікті әкімдік қару қалдықтарын жою – жарылыс ұйымдастыратын уақытты сәуір айының соңына белгілеп отыр. Ал, жарылыс болатын аймақтағы 10 шаруа қожалығына еш қауіп төнбейтініне сендірді. Әзірге қанша тонна қару қалдығы жойылатыны белгісіз.

Еске салайық, 2021 жылдың 26 тамызында кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Салдарынан жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар. Жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама