×

Мектепте тағы бір төтенше жағдайдың болғанын күтіп отыра алмаймыз – Марат Ахметжанов

ІІМ басшысы министр мен әкімдерге бірқатар тапсырма беруді ұсынды

 Дәурен Ерболат 07.03.2023 | 10:58
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесін шұғыл шешуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Әлихан Асханұлы (премьер-министр), бұл мәселені (білім беру ұйымындағы қауіпсіздік мәселесі – авт.) Үкімет отырыстарында бірнеше рет көтердік (2021 жылғы маусым, 2022 жылғы тамыз, биыл 14 ақпанда). Сіздің тікелей тапсырмаларыңыз бар. Былтыр полиция тарапынан 3195 білім беру объектісінде заңбұзушылықтар анықталды. Оларды жою бойынша нұсқамалар енгізілді. Жою мерзімі – биыл шілдеде», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысында.

Министрдің айутынша, Оқу-ағарту министрі және әкімдіктермен бірлескен кеңестер өткізілген. Нақты нұсқаулар берілді.

Тағы да бір төтенше жағдайдың болғанын күтіп отыра алмаймыз. Сондықтан шешімдердің орындалуына қатаң бақылау орнатуды ұсынамыз. Қазір объектілерде тексеру әлі де жалғасып жатыр. Нәтижесі туралы сізге қосымша хабарлаймыз, - деді министр.

Министр бұл жұмыстың аяқталуын күтпей, Оқу-ағарту министрлігі және әкімдіктерге төмендегі тапсырмалар беруді сұрады:

  • Біріншіден, қысқа уақытта мектептерді қауіпсіздік жүйелермен жабдықтау және кемшіліктерді жою бойынша жұмыстарды аяқтау;
  • Екіншіден, төтенше жағдай бойынша оқу-жаттығу сабақтарын өткізу;
  • Үшіншіден, білім беру ұйымдарындағы психологтарды даярлау сапасын арттыру.

«Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мектептерде агрессорлар көбінесе құрдастары тарапынан кемсітуге және қорлауға ұшырайды. Осындай балаларды ерте анықтау әдістемесін және олармен жеке жұмыс жүргізуді пысықтау қажет. Бұл шаралар білім беру ұйымдарында қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», - деді министр.

Еске салайық, 13 ақпанда облыс орталығындағы №4 мектепте 9-сыныпта оқитын жасөспірім 3 оқушыны жарақаттаған. Жәбірленушілер облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, кәмелет жасына толмаған Д.-ны полиция ұстады. Алдын ала ақпарат бойынша кәмелетке толмаған Д. психиатриялық есепте тұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама