×

Бүгінде мектептерді кемпір мен шал күзетіп жүр – ІІМ

Ішкі істер министрі мектептердегі қауіпсіздік деңгейі төмен екенін мәлімдеді

 Дәурен Ерболат 07.03.2023 | 10:47
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазір мектептерді күзету қарапайым кемпірлер мен шалдарға (вахтерлар – автор) тапсырылған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Әлихан Асханұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша, біз Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарында кешенді тексеріс жүргізіп жатырмыз. Тексерісті мектептерден бастадық. Өйткені барлық мекеменің 60% – мектептер (5740)», - деді министр Үкімет отырысында.

Бүгінде ірі қалаларда олардың көпшілігі (80 мыңнан аса тұрғыны бар) дабыл түймелерімен (93%), турникеттермен (73%), бейнебақылау камераларымен (100%) жабдықталған.

Дегенмен жедел басқару орталықтарына бейнекамераның тек 62%-ы шығарылған (немесе 2 санаттағы 6936 нысанның 4360-ы). Кейбір облыстарда жағдай одан да нашар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 24% (373-тен 91), Алматы облысында – 35% (немесе 425 мектептің 152-і), Ақтөбе облысында – 41% (немесе 404-тен 169-зы). Бұл өңірлерде халықпен кездесу барысында жалпы осы мәселені әкімдіктер алдында көтердім, - деді Марат Ахметжанов.

Ішкі істер министрі мұнда жүйелі проблема да барын атап өтті.

«Тіпті, бірқатар білім беру ұйымы мен компания арасында келісімшарт жасалмаған. Мемлекеттік сатып алу процедуралары «қағазбастылыққа» салынуда. Салдарынан бейнебақылау жүйелері Жедел басқару орталықтарына қолжетімсіз. Мысалы, Петропавл қаласында 15 мектепте (42 мектептен) тиісті шарттар тек ақпан айының соңында ғана жасалған. Оның ішінде, жуырда төтенше жағдай болған №4 мектеп те бар (13 ақпанда). Солтүстік Қазақстан облысында 201 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу мәселесі әлі күнге дейін аяқталмаған. Маңғыстауда – 154. Ақтөбеде – 107. Абай облысында – 19», - деді ведомство басшысы.

Министрдің айутынша, заңнамаға сәйкес мемлекеттік сатып алу қорытындысы шыққанға дейін, күзет пен дабыл және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 2 айға дейін «бір көзден» келісімшарт жасауға мүмкіндік бар Бірақ ешкім бұл норманы қолданбайды.

Сондай-ақ министр объектілерді күзету мәселесіне тоқталды.

«Жаңа айтып кеттім, 700 адамнан асатын мектептерде: радиобайланысы бар, қызметтік қарумен жабдықталған және жедел әрекет ету мобильді топтары бар әрі лицензияланған күзет болуы керек. Бірақ бүгінде онымен мектептердің тек 84%-ы қамтылған (1416 мектептің 1193-і). Солтүстік Қазақстан (42) мен Түркістан (61) облыстарында ешбір мектеп мұндай күзетке алынбаған. Ұлытау облысында – 9% ғана (22-ден 2). Қостанайда – 50% пайыз (59-дан 30). Іс жүзінде мектептерді күзету кәсіби емес мамандарға, яғни қарапайым кемпір, шал «вахтерларға» тапсырылған. Оларда мүмкіндік те жоқ, заңмен белгіленген жауапкершілік те жоқ», - деді Марат Ахметжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама