«Табиғатты түсінген адам ауырмайды». Наурызым қорығына 40 жылын арнаған ардагер қорықшы жайлы

Ербол Тұрымбет

Мария Зейнелова қызметін әлі де жалғастырып келеді

Фото: Halyq Uni

Мамандардың айтуынша, қазіргі заманда жұмысқа деген ниет жойылып кетпес үшін бір орында қызмет етудің ұзақтығы 2-3 жыл, ары кетсе 3-5 жыл аралығынан аспағаны жөн. Алайда өз жұмысын сүйетін мамандық иелері ондай ұстаныммен келіспейді. Біздің кейіпкеріміз Мария Александрқызы Зейнелова Науырзым қорығында 40 жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатыр. Өз айтуы бойынша, Әулиекөл мен Наурызым аудандарының 191 мың гектарын алып жатқан қорықты бес саусағындай біліп болған. Ең кереметі, «табиғаты түсіне білген адам ешқашан ауырмайды» дейді ардагер қорықшы.

МАРИЯ АЛЕКСАНДРҚЫЗЫ ЗЕЙНЕЛОВА ЖАЙЫНДА

Мария апай 1953 жылдың 15 қаңтарында Ресейде дүниеге келген. 1982 жылдан бастап Науырзым қорығында кіші ғылыми қызметкер болып қызметке орналасқан. 2001 жылы ғылыми бөлімінің бастығы қызметіне ауыстырылып, 2003 жылы Науырзым қорығының директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Содан бері табиғатты қорғау саласында 40 жылдан аса талмай еңбек етіп келеді.

2013 жылы АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетінің «Ереулі еңбегі үшін» медалімен, 2014 жылы экология жүйесі үздігінің медалімен, қорық директорының құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған.

Мария Александрқызы Науырзым қорығы директорының орынбасары болып тұрған кездері әр жаз сайын балалар экология мектебінің жетекшісінің қиын да мазасыз міндетін мойнына алып, Қостанай өңірінің 45 баласын жаз шығысымен қорық аумағында шатырлы лагерлер тіккізіп сонда тұрып, өздері таңдаған тақырыптар бойынша өсімдіктер, жануарлар мен құстарды зерттетіп, маусым соңында, өз жұмыстарын қорғатып, арнайы куәліктер беріп отырған. Олардың көпшілігі табиғатпен осындай тығыз байланысты тек өмір бойына есіне сақтап қана қоймай, есейген соң жоғарғы оқу орындарының биология және экология мамандықтарын таңдаған.

ҚОРЫҚТЫҢ КӘДІМГІ «ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ»

Апайдың айтуынша, «А» санатына жататын қорықта құстың 118 түрі бар. Оның ішінде жобалап айтқанда 95%-ы әлемдік қызыл кітапқа енген. Көлдері де Рамсар тізімінде тұрған бақпақты көлшіктер. Сол құстардың бәрі осы көлшіктерді мекендеп, балапан басып шығарады.

Наурызымда бұйра бірқазан, дала құстарынан сирек кездесетін шілді кезіктіруге болады. Безгелдек дейтін даланың құсы бұрын бұл өңірде болмаған. Қазір экскурсияға шығып, емін-еркін тамашалай аламыз.

Ал өсімдік атаулының 687 түрі бар. Табиғат алуандығының арқасында оның да түр-түрін көруге болады. Мәселен, онда барған адам әуелі экологиялық аумақты басып өтеді. Содан кейін жазық дала басталады. Онда өсетін силиум, қауырсын қау секілді қызыл кітаптағы өсімдіктің 65 түрін бір жерден көруге болады.

Бізде ғылыми зерттеу алаңы бар. Сол шөптерге қарап, жылдың қалай боларын, құрғақшылық қаупін болжайды. Мысалы, мезофит деген шөп бар. Ол күннің ыстығын жақсы көреді. Соған қарап, диқандарға ертерек қимылдау керек екенін айтып отырамыз, – дейді Мария Зейнелова.

Сол 35 шақырым белдеуден өткен соң қайыңдар тұрады. Онда қайыңның үш түрі бір жерде өсіп тұр. Мысалы, бетула пендула, бетула пубасенсис және бетула киргизорум – Мария Александрқызының айтуынша, бұлар бізден басқа ешқайда өспейді. Оның ерекшелігі, жәй қайыңдар ұзын болса, оның биіктігі небәрі 2 метр, жапырақтары ұсақ, қабығы қара. Ел аузында қара қайың деп те айтады.

Ал жәндік атаулының Науырзымда мың жарым түрі бар. Одан соң, бір қызығы, қамыс әдетте көл жағасында өссе, мұнда құмда өсіп тұрғанын көруге болады.

Мамыр айында саяхаттап келген адам қызғалдақ көреді. Ол Қостанай облысының эмблемасында да тұр. Арасында бұлақ ағып жатады. Емен, алма ағаштары да бар. Оның арғы жағында шамамен 1,5 шақырым жерде терістіктің өсімдік флорасы алдыңыздан шығады. Ондағы Қатантал көлінің маңында терептерис, қырыққұлақ дегендер өседі. Негізі олар біздің жерде өсуге тиісті емес, – дейді Мария апай.

Ел атынан түрлі халықаралық конференцияларға қатысып, қорықтың халықаралық байланысын да нығайтқан Мария Зейнелова қазір жеті жылдан бері зейнет жасында. Соған қарамастан саяхатшыларды табиғат тамашасымен таныстыруын әлі жалғастырып келеді. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектептеріне, Қостанайдағы әлеуметтік техникалық университетте дәріс оқып, колледждерде емтихан қабылдап отырады.