×

Жетісу жетімсіреп қалмай ма? Талдықорғандықтар әкімшілік бөлініс үшін алаңдап отыр

Тұрғындар өңір экономикасының драйвері саналатын аудандар Алматы облысына қарауы мүмкін деп болжайды

 Думан Қырықбаев 31.03.2022 | 15:06
коллаж: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында Ұлытау және Абай облыстары құрылып (бұрынғы Семей және Жезқазған облыстары аумағында), Алматы облысы екіге бөлінетінін мәлімдеді.

Енді әкімшілік бөліністен кейін Алматы облысының орталығы – Қапшағай қаласы, Жетісу облысының орталығы Талдықорған болмақ.

Алайда, президенттің бұл шешіміне қатысты бірқатар Талдықорған тұрғынының көңілінде алаңдаушылық бар. Өйткені, облыс экономикасының локомотиві саналатын бірқатар өндірістік аудандар Алматы қаласының маңында шоғырланған. Экономикалық жағынан қуатты Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары мен Қапшағай қаласын қоспағанда, өңір бюджетінің жартысына жуығын бір ғана Іле ауданының өзі беруде. Сондықтан, осындай аудандар Алматы облысы құрамында қалып, жаңадан құрылатын Жетісу облысы нағыз дотациялық өңірге айналмай ма деген уайым бар.

«Шындығына келгенде жаңадан құрылатын Жетісу облысы дотациялық өңір болып қала береді. Республика бюджетіне бағынышты болады. Тек бөлінген қаражат негізінде әрекет ете алады. Мәселен,қазір Алматы облысының бюджеті 1 трлн теңгеден асады. Өзінше бағдарламалар жасап, жан-жақты дамуына мүмкіндік те мол. Сондықтан, алаңдаушылық бар. Бірақ, келер күннен үміт үзбейміз. Бәрі жақсы болатынына сенеміз», - дейді өңірдегі белгілі журналист Данияр Болысбекұлы.

Қала тұрғыны Роза Дүйсебаева да облыстың (Жетісу облысы – авт.) келешегі үшін алаңдайды. Себебі, Талдықорған өңірінде халыққа жұмыс ұсынып, бюджетке қомақты қаражат құятын айтарлықтай өндіріс орындары жоқтың қасы. Барының өзі саусақпен санарлықтай. Бұл қатарда аккумулятор батареясын шығаратын «Қайнар» және жуырда Қаратал ауданында ашылған кремний зауыттары мен Текелі кен байыту комбинаты секілді бірнеше кәсіпорынды ғана атап өтуге болады.

«Бұрынғы Талдықорған облысы қайта жасақталып, Жетісу облысы құрылады дегенге қуанып та жатырмыз. Бірақ, көңілімізде күдік басым. Халықтың жағдайы қалай болады, жұмыс орындары сақтала ма? Осындай сауалдар көңілімізді мазалайтыны анық. Талдықорған - шағын аймақ. Аудан саны да, адам саны да аз. Сондықтан, Үкіметтен қаржы көптеп бөлініп, инвестолар келіп, зауыттар салынса екен дейміз. Талдықорғанның өзі сол тоқырау жылдары қаңырап бос қалып, қирап, қиын жағдайда болғанда Алматы облысына қосылып, қайта қалыпқа келген болатын. Қазір гүлденіп, дамып келеді. Сол себепті, жаңа облыс өңірге әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңаша дем берсе», - дейді қала тұрғыны.

Ал, экономист-сарапшы Гүлнар Болатқызы облыстың бөлінуіне қатысты алаңдаудың қажеті жоғын айтады. Себебі, Жетісу өңірінің дербес облыс болып дамуына мүмкіндік көбеймек.

«Қуатты кәсіпорындар Алматы облысы құрамында қалады десек те, бізде Жетісу облысының экономикалық тұрғыдан әлі де алға шығатын мүмкіндіктері бар. Аграрлық аймақ ретінде әрі туризм жағынан басымдықтарымыз көп. Бұл ретте Алакөл мен Балқашты айтуға болады. Экологиялық туризмді, тамақ өнеркәсібін, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыта аламыз. Қызмет көрсету экономикасын кеңірек қолға алу керек. Ең бастысы, мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған маңызды», - дейді экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнар Болатқызы.

Жұматай Оспанұлы есімді танымал ақын Түркістан облысының жеке облыс болып бөлініп, инфрақұрылымы айтарлықтай өскен өңір болғаны Жетісу облысы үшін үлкен тәжірибе болатынын айтады.

«Талдықорған - елдің шетінде, желдің өтінде тұрған аймақ қой. Жаңа облыс құрылғаннан кейін экономикамыз тұралап кейін кетіп қалмауы керек. Түркістан облысы құрылғанда қаншама қолдау болды. Сол сияқты, жаңа аймақтарға бар жағдай жасалуы қажет», - дейді Жұматай Оспанұлы.

Тұрғындар жаңа облыс құрылғаннан кейін тоқырау кезеңінде тарап кеткен (қосылып) Қапал, Үйгентас, Қоғалы (Гвардейский), Бөрлітөбе аудандарын қайта жаңғырту кереігін айтады. Себебі, қазір шекаралық аймақта орналасқан елді мекендердің жағдайы қиындап кеткен. Билік назарынан тыс қалған ауылдар да аз емес. Жергілікті тұрғындардың дені жалақысы тұрақты жұмыс, жайлы жағдай іздеумен қалаға көшіп кеткен.

Алматы және Жетісу облыстары әкімшілік-территориялық жағынан қалай бөлінетіні әзірге белгісіз. Егер Жетісу облысы бұрынғы Талдықорған облысы аумағында бөлінсе, оның құрамына Алакөл, Сарқан, Ақсу, Қаратал, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Панфилов аудандары мен Талдықорған және Текелі қалалары қалады. .  

Жалпы, Талдықорған өңірі екі рет облыс ретінде құрылып, екі рет Алматы облысына қосылған. Нақтырақ айтсақ, 1944-1959 жылдары өз алдына дербес аймақ болса, кейін 8 жыл Алматы облысының құрамында болды. Ал, 1967 жылы еншісін алып, 30 жыл бойы жеке облыс болды. Алайда, тоқырау жылдары қайта Алматы облысына қосылып кетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама