×

Астанада Түркиядан оралған құтқарушылар марапатталды

Түркияға көмек көрсету үшін министрлікте 100-ге жуық адамнан тұратын топ құрылды

 Айгерім Таубай 06.03.2023 | 17:15
Halyq Uni

Астанада Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан құтқарушылар марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Төтенше жағдайлар министрлігі ғимаратында марапатты министр Юрий Ильин табыстады.

Қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ Түркия Республикасындағы және Сирия Араб Республикасындағы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Ақмола облысы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіндегі бөлім бастығы Айдын Жоламанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

«Құрмет» ордені Астана өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жасақ басшысының орынбасары Ардақ Айтпаев пен Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімше басшысы Руслан Сойкоға табысталды.

«Ерлігі үшін» медалімен апаттар медицинасы орталығы Қарағанды облысы бойынша филиалының дәрігері Алмагүл Алдабекова, азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма бастығы Сұлтан Әріпжанов, төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қахарман Оразалин, Астана қаласы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімше басшысы Абдолла Сарсембаев марапатталды.

Сондай-ақ Қазақстан президентінің алғысы және төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен 58 адам ведомстволық наградамен марапатталды. Оларға «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісі, «Құтқарушы» төсбелгісі, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі табысталды.

Айта кетейік, Түркияда болған жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін министрлікте 100-ге жуық адамнан тұратын топ құрылды. Құтқарушылар Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облысынан жиналды.

7 және 9 ақпан күні топ екі эшалонмен жолға шығып, қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс барысында құтқарушылар 7 адамды құтқарды, 88 қаза тапқан адамның мәйіті табылды, оның ішінде 10 бала бар.

Содан кейін мемлекет басшысының жарлығымен қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ Түркия Республикасындағы және Сирия Араб Республикасындағы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін бірқатар азамат марапатталды

Серіктес жаңалықтары

Сараптама