Halyq Uni логотип
×

Биыл із-түзсіз жоғалғандарға қатысты 1600-ге жуық хабарлама түскен

Оның ішінде 596-сы кәмелетке толмағандарға қатысты болған

 Динара Амантай 06.03.2023 | 12:03
Биыл із-түзсіз жоғалғандарға қатысты 1600-ге жуық хабарлама түскен
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері полиция күштерімен 416 қылмыскер, олардың ішінде 4-еуі кісі өлтірген үшін, 24-і қарақшылық шабуылдар мен тонауға қатысты іздестіріліп, ұсталды. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қуаныш Ибрашев брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жедел уәкілдің айтуынша, халықараралық іздеуде жүрген азаматтарды іздеу ТМД елдері құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ 195 елден тұратын Интерпол Халықаралық қылмыстық полициясы ұйымымен өзара іс-қимыл барысында жүзеге асырылады.

Бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде халықаралық іздеудегі 15 қылмыскер анықталып, ұсталды. Оның ішінде 1-еуі 25 жылдан аса уақыт бойы әйел адамды өлтіргені үшін жасырынып жүрген.

Сондай-ақ жедел уәкіл жоғалып кеткен адамдарды іздестіруге қатысты ішкі істер органдары хабар-ошарсыз кету туралы кез келген сигналға дереу жауап беретінін атап өтті.

Биыл полицияға хабар-ошарсыз кеткендер туралы 1600-ге жуық хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 596-сы кәмелетке толмағандарға қатысты, оларды іздеуге үлкен күш пен қаражат, сонда-ақ уақыт жұмсалады. Өйткені олардың көпшілігі қасақана жасырылады. Көп жағдайда жоғалған адамдар қысқа мерзімде табылады, – деді Қуаныш Ибрашев.

Сонымен қатар, ол волонтерлік ұйымдардың белсенділігін алға тартып, адамдарды іздеуге ерекше үлес қосқаны үшін оларға алғыс білдірді.

Жедел уәкіл жоғалған немесе азаматтар үйде ұзақ уақыт болмаған жағдайында ол жөнінде ішкі істер органдарын уақтылы хабардар ету қажеттігін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама