Екібастұз тұрғындары әлі жылуға жарымай отыр
Дүйсенбі күні жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін №12 қазандықты іске қосу жоспарланған
Екібастұз қаласының тұрғындары жылу беретін батареяның суықтығына шағымданып жатыр. Олар қазір үй ішінде қалың киім киіп, жылытқыш қосып отыруға мәжбүр.
«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС 4 наурызда сағат 21:00-де стансадан берілетін желілік судың температурасы 9,2/2,0 кг/см2 қысымда 46 градус екенін хабарлады.
Стансада №6, 9, 14, 15 төрт қазандық агрегаттары жұмыс істеп тұр. Алдағы тәулікте тағы екі (№5, 11) қазандық қондырғыларын іске қосу жоспарланған. Бұл температура көрсеткіштерін одан да жоғарылатып, 65 градусқа жеткізеді. Дүйсенбі күні жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін №12 жылу қазандығын іске қосу жоспарланып отыр, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ жауапты мекеме өкілдері станса қызметкерлерінің тәулік бойы жұмыс істейтінін жеткізді.