Рамазан айында елорда мешіттеріне түнгі автобустар қатынайды
Астанада 12 мешіт бар, бірақ автобустар ірі 5 мешітке қатынамақ
Рамазан айында қала мешіттеріне түнгі автобустар қатынайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов айтты.
Биыл Рамазан айы 2 сәуір мен 1 мамыр аралығында өтеді. Қазір елордадағы 12 мешітте Рамазанға қызу дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Астана әкімдігі 2 сәуірден бастап ораза аяқталғанша қаладағы ірі мешіттерге түнгі автобустар қатынасын қамтамасыз етуді қолға алды. Түнгі автобустар елордадағы 5 мешітке, атап айтсақ, Әзірет Сұлтан мешіті, Әбу Насыр әл-Фараби мешіті, Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті, Рыскелді қажы мешіті және Раиса ана мешітіне қатынайды, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ведомство өкілі Рамазан айына қатысты кез келген сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 109 колл-орталығына хабарласуға болатынын еске салды.