«Тіпті, қарды да өзім күреймін». Қарттар үйінің жетекшісі бар шындықты айтты
Балалары сол ата-анасы үшін айына 120 мың теңге төлейді
Жеке-меншік балабақшаларға мемлекеттен дотация берілсе де қарттар үйіне назар салатын ешкім жоқ.
Қарттар үйін ашып отырмын, мемлекеттен ешбір қолдау болмай отыр. Тапқан-таянғанымыз өз шығынымыздан аспайды. Тіпті есік алдындағы қарды да өзім күреймін. Жеке қарттар үйінің жетекшісі Аманжол Қасымқызы «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында осылай деді. Айтуынша, аталған нысанды ол өзі оқыған мамандығы бойынша, қараусыз қалған зейнеткерлерге жаны ашығаннан ашқан.
Журналист студия қонағынан қарттар үйінен қанша табыс тауып отырғанын сұрады.
Табыс табу үшін ашқан жоқпын. Тіпті бизнес деп те айта алмаймын. Жалдап отырған орнымызға ай сайын 600 мың теңге төлейміз. 4 күтушіге ай сайын 250 мың теңге береміз. Аспазға жалақы төлейміз. Азық-түлікке жұмсаймыз. Коммуналдық қызметтер бар. Кір жуатындар бар. Қазір 20 қария бар. Балалары сол ата-анасы үшін бізге айына 120 мың төлейді. Енді есептей беріңіз. Тіпті қар күреу үшін адам жалдауға да жетпей қалады, өзім күреймін, - деді Аманжол Қасымқызы.
Сұхбаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көруге болады.