×

Ауыл әкімдері күніне бір үйге кіріп, ол отбасының жағдайымен танысып отыруы тиіс – Нұрлан Нұржігітов

Әрбір отбасының тұрақты табысы болуын қамтамасыз ету керек

 Динара Амантай 04.03.2023 | 13:40
Фото: Жамбыл обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына қарасты Бостандық және Аққұм ауылдық округтерінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Басқосуға облыс прокуроры, полиция департаментінің бастығы және өзге де құқық қорғау органдарының, салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Біздің мақсат – ауыл тұрғындарының пікірі мен ұсыныстарын тыңдау. Олардың көтерген сұрақтарын қарап, талдап, оның шешімін табу үшін жұмыс істеу, - деді Нұржан Нұржігітов Бостандық ауылдық округінде өткен жиында.

Ауылдықтар тарапынан облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы аясында техника алу мүмкіндігіне қатысты, жол жөндеу, Мәдениет үйінің қажеттілігі секілді бірқатар мәселелер көтерілді.

Аймақ басшысы барлық сұрақтарға жауап бере отырып, облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды да қысқаша баяндады.

Аталған ауылдық округке қарасты 2 елді мекенде 310 аула бар. Халық саны – 2151 адам. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы округтегі 13 көшеге қаржы бөлініп, асфальт төселген.

Ауылда көгілдір отын, жарық, таза ауыз су да бар. Бірақ тұрғындар ауыз су тәулігіне екі-ақ сағат берілетіндігін айтып шағымданды.

Мен ауылдық округ әкімдеріне үнемі айтып келемін, таза ауыз су екі сағат емес, тәулік бойы берілуі керек. Оның ақысын өздеріңіз төлейсіздер. Жарыққа, газға, күл-қоқыс шығару секілді, бұған да осындай көзқарас қажет. Арнайы тариф бекітіліп, осы жұмыстар атқарылуы тиіс. Бұл ретте тұрғындар да ортақ жауапкершілікті сезініп, жергілікті билікпен өзара түсіністікте жұмыс істеуі маңызды. Сонда ғана нәтиже болады, – деді Нұржан Нұржігітов.

Дәл осындай форматтағы кездесу Аққұм ауылдық округінде де ұйымдастырылды.

Аққұмдықтар жайылым, ауыз су, жол жөндеуге қатысты сауалдар жолдап, жауаптар алды.

Біздің мақсат – халықты жұмыспен қамту. Ауыл әкімдері күніне бір үйге кіріп, ол отбасының жағдайымен танысып отыруы тиіс. Олардың мәселелерін шешуге айрықша ден қою керек. Әрбір отбасының тұрақты табысы болуын қамтамасыз ету маңызды, - деді Нұржан Нұржігітов.

Кездесулерден соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов округ тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама