Еңбек министрі зейнетақы жинағының қазіргі шекті мөлшерін ұзартуға қатысты жауап берді
2022 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинағының жеткілікті шегі артады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бойынша қазіргі шекті мөлшерді ұзартуға байланысты жауап берді.
«Еңбек министрлігі бірінші кезекте болашақта зейнет жасына шығатын азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз етеді. Сондықтан, біздің ұстанымыз – азаматтар зейнет жасына шыққан соң алаңсыз өмір сүруі керек», - деп жауап берді министр.
Серік Шәпкенов зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бойынша қазіргі шекті мөлшер одан әрі ұзартылмайтынын айтты.
Еске салсақ, 2021 жылдың 3 желтоқсанында Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі. Бұл көрсеткіш азаматтардың жасы мен қордағы жинағының мөлшеріне қатысты тиісінше өзгереді.
Үкіметтің бұл шешімі зейнетақы жинағындағы ақшасын пайдаланып үлгермеген салымшылардың ашуын туғызып, халық тарапынан шекті соманы өсірмеу туралы ұсыныс жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің өтінішіне құлақ асып, Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
Жуырда Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов елдегі күрделі экономикалық және әлеуметтік жағдайды ескере отырып, Үкіметті зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша қазіргі шекті мөлшердің қолдану мерзімін 2022 жылдың соңына дейін ұзартуға шақырды.
Одан бөлек, дағдарысқа қарсы және әлеуметтік шара ретінде азаматтарға зейнетақы жинағын автокредит пен тұтынушылық кредитін өтеу үшін пайдалануға уақытша рұқсат беруді ұсынды.