Олардан 60 келі сазан тәркіленді
Түркістан облысында браконьерлерден заңсыз ауланған 60 келі сазан тәркіленді.
Таңғы сағат 00:30 шамасында табиғатты қорғау инспекторы Келес ауданы ПБ-нің кезекші бөліміне Сырдария өзенінде тексеру жұмыстары жүріп, браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлады. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы темірден жасалған шанышқыны пайдаланып, балықты заңсыз аулап жүрген екі тұрғынды анықтады. Олардан айғақты зат ретінде бір резеңке қайық, насос, сүзгіш, жарықбергіш, токбергіш құрылғылар алынды. Сонымен қатар заңсыз ауланған 60 келі сазан тәркіленді, – дейді полиция.
Тәртіп сақшылары күдіктілерді істің мән-жайын анықтау үшін бірден аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Қазір аталған жайтқа қатысты қылмыстық кодекстің 335-бабы 3-бөлігі (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.