×

Дәстүр мен денсаулық: Астанада Аналар кеңесінің отырысы өтті

Аналар кеңесі екі бірлестікпен меморандумға отырды

 Айгерім Таубай 03.03.2023 | 16:00
Halyq Uni

Астанада халықаралық әйелдер күніне орай Аналар кеңесінің отырысы өтті. «Достық үйінде» ұйымдастырылған іс-шара барысында Аналар кеңесі мен серіктестері арасында меморандумға қол қойылды, сондай-ақ кеңестің атқарып жатқан жұмыстыры туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи бастады.

Әйел жаратылысынан адамзаттың, ұлттың тәрбиесіне жауапты. Халықаралық әйелдер мерекесін Аналар күні деп те атауға болады. Себебі әйелдер күні – өмірдің бастауы. Аналар ұлтына, тілі мен мәдениетіне қарамастан, адамзаттың жалғасы мен құндылықтарға жауапты, - деді Нәзипа Шанаи.

Айтуынша, аналардың жұмысы – ұлттық кодты қалыптастыру.

«Ғаламдану процесіне іліккен қоғамда ата дәстүріміз бен мәдениетімізден қол үзіп қалу мәселесі, өз ұлтына деген көзқарастың өзгеруі кездеседі. Ұлттық кодты қалыптастырған жағдайда ғана отанымыздың болашақ патриоттарын тәрбиелеп шығамыз», - дейді Аналар кеңесінің төрайымы.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылық меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қатысты.

«Әйел мен ана – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық дәстүрін сақтаушы. Әйелдердің бұл тарихи рөлі сақталып қана қоймай, қазір Қазақстанда жаңа мазмұнға ие болды. Бұл сөзіме әйелдердің саяси процеске қатысуы және сайлауалды партиялық тізімде және депутаттық мандатты бөлу кезінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілгені дәлел болады», - деді ол.

Прокопенко Аналар кеңесінің жұмысы халықтың әлеуметтік белсенді тобы ретінде Қазақстан әйелдерінің зор әлеуетін көрсеткенін айтты.

Аналар кеңесі қоғамның әлеуметтік институты ретінде нығайды. Қазір елімізде 1800-ден астам аналар кеңесі жұмыс істейді, олар 6 мыңнан астам іс-шара өткізді. Оған 13 мыңға жуық адам жұмылдырылған, - деді Леонид Прокопенко.

ӘЙЕЛДЕРГЕ ТӨСБЕЛГІ ТАҒЫЛДЫ

Іс-шара барысында отбасы институтын нығайтуға, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бірқатар әйелге Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаты табысталып, төсбелгісі тағылды.

Олардың арасында қоғамдағы әйелдердің, аналардың рөлін ерекшелеу, балаларды тәрбиесі, ұлттық дәстүрді сақтау және дәріптеу бағытында жұмыс атқарып жүрген Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи бар.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ілеспе-аудармашы Камал Әлпейісоваға алғыс хат табысталды.

Марапатталғандар арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай, балалар композиторы Алтын Маханбетова, Павлодар облысы Аналар кеңесінің төрайымы, 2022 жылғы «Ел Анасы» номинациясының иегері Бақытжамал Максилова бар.

ЕКІ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Аналар кеңесінің отырысында екі меморандумға қол қойылды.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі 7 мыңнан аса ажырасқалы жатқан жастардың қосылуына септігін тигізді. (...) Кей өңірдегі балабақшаларда «әжемнің аяулы алақаны» деген кабинеттер ашылды. Нәтижесі өте жақсы, - деді бірлестіктің негізін қалаушы Айнұр Жүгінісова.

Осылайша енді Аналар кеңесі мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи мен «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі, денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Жамилә Садықова өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Жасыл сертификат» жобасы бойынша Аналар кеңесі «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорымен бірлесіп меморандумға отырды. Қазір осы жобаны республикалық көлемде атқарып жатырмыз. Бұл жобаның мақсаты – дәріханалық есірткі сатылымын төмендету. Бастапқыда мәжіліс депутаттарымен ақылдасып, қолдауын сұрадық. Содан кейін жоба Бас прокуратура, ішкі істер және денсаулық сақтау министрлігіне таныстырылды. Жұмысымызда ешқандай заңсыздық жоқ екенін нақтылған соң іске кірістік. Себебі дәріханалық есірткі сатылымы бойынша қылмыстық жаза қарастырылмаған, тек әкімшілік жаза, яғни айыппұл салынады. Соның салдарынан сататындар мен сатып алатындар көбейді», - дейді Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай.

Баян Ахатайдың айтуынша, Аналар кеңесі заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс енгізген.

Ол күшіне енгенше қоғамдық бақылауды күшейтіп, оң әсер ете берейік деп ойладық. «Жасыл сертификат» жобасы барлық өңірде іске асып жатыр. 2022 жылы республика бойынша 129 дәріхана әкімшілік шара қолданылды. Айыппұл салынды. Айыппұлды төлеп, ісін әрі қарай жалғастырып жатқандар да бар. Сол себепті жазаны қатаңдату қажет, - дейді Аналар кеңесінің мүшесі.

Енді Аналар кеңесі мен «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы осы бағытта бірлесіп жұмыс істейді.

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЕКІ ЖҰПТЫҢ НЕКЕСІ ҚИЫЛДЫ

«Достық үйінде» халықаралық әйелдер күні қарсаңында екі жұптың некесі қиылды.

Ұлықбек Нұржанов пен Айдана Бөлкебаева, Нұржан Өтегенов және Дарья Дунайская көпшілік алдында заңды түрде некесін қидырып, аналардың батасын алды.

«Әртүрлі ортада, екі түрлі жағдайда өскен екі адам отбасы құрып жатырсыздар. Бұл шешімдеріңіз сыйластыққа негізделуі қажет. Сезім, махаббат – жалын, ал сыйластық мәңгі жүректе сақталады», - деп тілегін білдірді Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи.

Сондай-ақ отбасы құрған жастарға «Ақ орамал» дәстүрі түсіндірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама