Елордалық әйел желі арқылы танысқан «сүйіктісіне» 92 млн теңгесін бере салған
Алаяқтың әйелі мен 5 баласы бар екен
Астаналық әйел әлеуметтік желі арқылы танысқан ер адамға 91,6 миллион теңгесін бере салған.
Астана сотының мәліметінше, ер адам жәбірленушіні жақсы көріп қалғанын айтып сендірген. Өзін «зауыт директоры» ретінде таныстырған алаяқ бизнесінің банкрот болуы мүмкін екенін айтқан. Сонымен қатар, «туыстарының қазасы» сияқты жалған мәліметтермен алдап, әйелден ақша сұраған.
Астаналық әйел желі арқылы танысқан ер адамға әртүрлі сома аударып, келген шығын 91,6 миллион теңгеге жеткен.
Көп ұзамай күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушы аппеляциялық шағымында 5 баласы мен жұмыссыз зайыбының бар екенін ескеруді сұраған. Алайда сот үкімді әділ деп танып, өзгеріссіз қалдырды.