×

Астанадағы бас байрақты күтіп ұстауға 205 млн теңге жұмсалады

Ту айына 3 рет ауыстырылады

 Ая Өміртай 03.03.2023 | 13:45
Фото: baq.kz

Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінің аумағында орналасқан Қазақстанның ең басты Туы айына 3 рет ауыстырылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астанадағы еліміздің Бас туы биіктігі 111 метр болатын ту тұғырға орналасқан. 450 шаршы метр болатын ту мен тутұғырды күтіп ұстауға, қажеттілік туғанда ауыстыруға үш жылда бюджеттен шамамен 205 млн теңге жұмсалмақ. 

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік ту күтіміне Есіл ауданы әкімінің аппаратының 2022 жылғы 30 наурыздағы № 40 келісімшарттың негізінде «KomJolStroy» ЖШС жауапты болып танылған. Техникалық сипаттамасында кәсіпорынға «Атамекен» этно-мемориалдық кешені жанындағы мемлекеттік рәміздер алаңын күту жұмыстары жүктелген. 

Туды күтіп ұстау үшін 2022-2024 жылдарға 204 960 000 теңге қарастырылған.

Бұл сомаға 2022 жылы ту кенебін дайындау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары, 350 сағат кезекшілік ету, кабельдерді ауыстыру, аумақты тазалау техникасын алу қарастырылған. 2023-2024 жылдары да былтырғы жылға ұқсас қызметтер көрсетіледі, тек кезекшінің 902 сағат жұмыс істеуі, қосымша салмағы 8 тоннадан аспайтын кір жуу жабдығын сатып алу қосылған. 

Бір айта кетерлігі, туды күтіп ұстауға үш жылда 450 шаршы метр болатын 29 дана ту кенебін сатып алады. Сол сияқты жыл сайын 495 метрден шамамен 1 335 метрдей қауіпсіздік троссын сатып алу көзделген. 

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, басқарма «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңының сақталуына елорда аумағында орналасқан мекемелерде мониторинг жұмыстарын жүргізеді.

«Ауа райының жағдайына байланысты Мемлекеттік Ту ай сайын 2-3 рет ауыстырылады. Сондай-ақ, Ту төсемінің шамалы бұзылуы кезінде тапсырыс беруші мамандарының қатысуымен эстетиканы ескере отырып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік Туды және айналасын күтіп ұстауға бөлінген қаражатты Мемлекеттік сатып алу порталында қарай аласыз», – делінген ресми жауапта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама