Бұл кептірілген марихуана болып шықты
Семей полицейлері ағылшын курсы кабинетінен 11 келіден астам есірткі тәркіледі.
Наурыздың басында Семей қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Алматы қаласының 36 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Семей қаласының білім беру орталықтарының бірінің ағылшын тілі кабинетінде құрықталды, – дейді полиция.
Оқу бөлмесіне тінту жүргізу барысында үстел үстінен өсімдік тектес жасыл түсті заты бар полиэтилен түйіншек жатқан картон қорап табылды. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Жалпы салмағы 11 келіден асады.
«Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баптың санциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», – делінген ақпаратта.