×

Ақтау қаласының әкіміне айыппұл салынды

ЖШС-ның Ақтау қаласының әкіміне қатысты талап-арызы қанағаттандырылған

 Динара Амантай 02.03.2023 | 15:45
Фото: ortcom.kz

Ақтау қаласының әкіміне сот шешімін орындамағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, сот шешімімен ЖШС-ның Ақтау қаласының әкіміне қатысты талап-арызы қанағаттандырылған. Атап айтқанда, жауапкердің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартуы заңсыз деп танылып, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, яғни 1 ай ішінде ЖШС-ның пайдасына қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеттелген.

Алайда осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмай, жеткілікті уақыт өтсе де қала әкімі қолайлы әкімшілік акті қабылдауға ешқандай шара қолданбаған.

Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оларды орындаудан жалтару ақшалай 50 АЕК өндіріп алуға әкеп соғады.

Нәтижесінде сот ұйғарымымен Ақтау қаласының әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 172 500 теңге ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған.

Әкім ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек. Әйтпесе ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама