×

Сотталғандар да өтініш бере алады: Жеке тұлғалар банкроттығы заңы туралы тағы нені білу керек

Абақтыдағылар ЭЦҚ не сенімхат арқылы өтініш бере алады

 Ербол Тұрымбет 02.03.2023 | 13:15
Сурет: ашық дереккөзден

Наурыздың 3-інен бастап елімізде «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қолданысқа түсіп, азаматтардан өтініш қабылдау басталады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, соған лайық саналатын борышкерлердің 95%-ы соттан тыс банкроттық рәсімдейді деген болжам бар. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің статистикасы бойынша, қазір көбіне кепілсіз несие алған азаматтардың саны көп. Ол 1600 АЕК-ке дейін, яғни 5,5 млн теңгеге дейінгі қарыздар. Олардың барлығы соттан тыс рәсімдер арқылы өтеді. Ертең басталатын науқанның басқа да маңызды және түйткілді тұстары туралы вице-министр «Параграф» ютуб-арнасына берген сұхбатында айтып берді.

«БОРЫШКЕРДІҢ КӨБІ БАНККЕ ӨТІНІШ ЖАСАУ РӘСІМІНЕН ӨТПЕГЕН»

Алдымен негізгі шарттарына тоқталу керек. Бірінші шарт, өтініш беруші міндетті түрде банктерге, микроқаржы ұйымдарына және колллекторлық агенттіктерге қарыз болу керек. Екіншіден, қарыз 12 ай ішінде өтелмеуге тиіс. Үшіншісі, өтініш берушілердің мүлкі болмауға тиіс.

Айта кетерлігі, бізге өтініш бергенге дейін банк толық шараларын қабылдаған болу керек. Ол үшін борышкерлер банкке өтініш жасау керек. Борышкер азаматтың көбі бұл рәсімнен әлі өтпеген. Сондықтан осы банкроттық тәсілді қолданарда қиындықтар туындауы мүмкін. Оның қалай жүретініне келсек, борышкер қарыз алған банктеріне өтініш жасайды. Мәселен, қарыз пайызын азайту, бөліп төлеу кестесін жасау, болмаса төлемін шегеру жағдайлары қарастырылады. Ол ұсыныстарды осы банктер мен микроқаржы ұйымдары 15 күн ішінде қарап, шешім қабылдау керек, – дейді вице-министр.

Оның сөзінше, үш түрі бар: шартта көрсетілген тәртіпке өзгеріс енгізу, өзгерістер енгізбеу немесе қарыз мерзімін ұлғайту. Осы мәселелер бойынша борышкер кейде банктермен келісімге келе алмай, болмаса, банктің шешіміне көңілі толмауы мүмкін. Сондықтан егер сұрақ басы ашық күйінде қалса, міндетті түрде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолығуға құқылы. Сайып келгенде, борышкер банкроттыққа өтініш бермес бұрын осы мәселелерді біржақты етіп алу керек.

БАНКРОТ ДЕП ТАНЫЛҒАННАН КЕЙІН ӨТІНІШ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛМАЙДЫ

Айта кетерлігі, банкроттыққа өтініш беру заңнамасының шегі жоқ. Мысалы, қазір шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны жүріп жатыр. Ол шілдеге дейін ғана жалғасады. Ал банкроттыққа өтініш беруге ондай шектеу қойылмаған. Сондықтан банкрот атанбай тұрып, әуелі бәрін салмақтап алу керек. Мысалы, басқа елдерде шетелге шығуға, бір салада жұмыс істеуге, депутат болуға, тіпті сайлауға қатыса алмайтын шектеулер бар. Бізде бірақ ондай шектеулер қарастырылмаған. Тек банкроттығы сот арқылы қаралып жатқандар ғана шетелге шыға алмайды. Рәсімделіп біткеннен кейін кете беруіне болады.

Сот арқылы жүретін рәсімде қаржылық басқарушылар қатысады. Олардың еңбекақысы қалай өтелмек деген сұрақ туады. Ержан Біржановтың айтуынша, бізде «Заңды тұлғалар банкроттығы туралы» заң бойынша өндіріп алынатын мүлік массасының мөлшері немесе басқа да мөлшерлеме бойынша анықталатын. Бірақ жеке тұлғалардың жағдайын түсіне отыра мұнда нақты жалақы ғана көзделген. Ол ең төменгі жалақы, яғни 70 мың теңге. Қарыз көлемі қанша болса да осы шарамен айналысатын қаржылық басқарушылардың төлемі 70 мың теңгеден аспайды. Оған қоса, жағдайы нашар азаматтар үшін қаржылық басқарушыларға кететін сол шығынын мемлекет төлейді.

Банкрот деп танылғаннан кейін өтінішті кері қайтару көзделмеген. Тек қарау кезінде ғана қайтара алады. Сондықтан қызық үшін емес, салмақты шешім қабылдап барып қана өтініш беру керек.

Қарызын қайтара алмай, ісі сотқа кетіп қалғандар үшін де шектеу жоқ. Олар да өтініш бере алады. Тіпті, борышкер бас бостандығынан айрылып, жазасын өтеп жатса бірінші рәсім бойынша ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Бірақ өзі тікелей қатысу керек. Ал екінші, сот арқылы рәсімге сенімхат арқылы қатысуына болады.

Егер жеке тұлға ретінде қарыз алған адамның жеке кәсіпкерлігі болса, ол адам банкроттық рәсімінен өте алмайды. Тек жеке кәсіпкер болып қана банкроттыққа басқа заң бойынша өтініш бере алады. Ал жеке тұлға жеке кәсіпкерден қолхат арқылы қарыз алған болса, ол адам да екінші рәсім арқылы банкрот атануына құқы бар.

Банкротқа кепілгер болған адамнан ештеңе талап етілмейді. Сондай-ақ, ел аумағында тұруға ықтиярхаты бар азаматтар өтініш бере алмайды. Сонымен қатар, бірнеше несие алған адам біреуін төлеп, басқасы бойынша банкроттыққа өтініш бере алмайды. Өтініштің ондай түрі қарастырылмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама