×

Атырау облысында малдың қырылуы тоқтамай тұр: Ветеринарлар себебін анықтай алмай отыр

Күйі жақсы жылқылар артқы аяғын баса алмай, үйірінен қалып қойып жатыр

 Айнұр Асылбекқызы 30.03.2022 | 20:11
фото: Halyq Uni

Атырау облысының Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарында мал жаппай қырылып жатыр. Бүгінде жүздеген қой, ондаған сиыр мен жылқы өлген. Әзірге нақты саны белгісіз. Шаруалар малдың неден өліп жатқанын біле алмай отыр.     

Қызылқоға ауданындағы «Ойтаң» шаруа қожалығының өкілі Айбар Ерекешов белгісіз індеттен 200-ден астам қой, 10 бас сиыр өлгенін айтады.  

Оның айтуынша, мал өлімі ақпанның ортасында басталған, содан бері тоқтамай отыр.

«Аузы көбіктеніп, мұрнынан су ағып, азық-шөпке қарамай жатып қалады. Не ауру екенін біле алмай отырмын. 25 ақпанда облыс орталығында өткен жиналыста мінберде тұрып, малдың ауырып өліп жатқанын айтып, комиссия жіберуін өтінгенмін. Бірақ ешкім келмеді. Тек 26 наурыз күні келіп, акт жасап, ауырған және өлген малдың қаны мен ішек-қарнынан сынама алып кетті», - дейді Ерекешов.

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков ауданда мал өлімін жоққа шығарып, 809 қой мен мүйізді ірі қараның ринотрахеит және вирустық диареядан ауырып жазылғанын айтты.

Облыстық ветеринариялық басқарма да бірер күн бұрын малдың жаппай өліп жатқанын жоққа шығарып, бірен-саран малдың ауырып тұрғанын жеткізді.

Исатай аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол Рахметовтың айтуынша, Аққыстау ауылдық округі тұрғындарының теңіз жағалауын жайлаған жылқылары артқы аяғын баса алмай, үйірінен қалып қойған. Рахметов қазіргі кезде ауылдағы малдардың күйі нашар, көтерем екенін айтып, олардан қан сынамасы алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға, Ұлттық ветеринария референттік орталығына жолданғанын хабарлады.

Ал Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев ауданда жағдай тұрақты екенін айтады.

Ақкөл және Құрманғазы округіндегі оншақты жылқы ауырғанымен неозидин, глюкоза, А, В, С дәрумендерімен емдеп жатыр. Олардың бәрі ветеринарлардың бақылауында, - дейді шенеунік.  

Алайда, Құрманғазы ауданының тұрғыны Самат Елемесов былтыр желтоқсаннан бері бес жылқысының өліп, біреуі ауырып тұрғанын айтады. Оның жүз шақты жылқысы бар екен.

«Үшеуін өзім сойып алдым. Ауырған жылқылар артқы аяғын баса алмай, қиралаңдап, ауа жетпей тұншығып өлуде. Жергілікті ветеринарлар қолынан келгенше ем-дом жүргізді, бірақ одан нәтиже болмады. Қырды аралап келдім, енді былтырғы туған құлындар да ауыра бастаған», - деп отыр Елемесов.   

Махамбет ауданындағы «Мүтиев Ғ. Д.» шаруа қожалығының басшысы Биғали Мүтиев те осы күйді кешіп отыр. Наурыз айында оның 10 жылқысы өлген.

Артқы аяғын баса алмай жатып қалады да, тұрмайды. Қоңы жақсы еді. Бұл не ауру екенін білмедім, - дейді қожалық иесі.

Қоғам белсендісі Ғазиз Ғабдуллин облыста мал ауруы мен өлімі бар екенін бұрыннан айтып жүргенмен, бұл мәселенің еленбей келгенін айтады. Айтуынша, мамандар жылқылар паразит пен шаруаның малды дұрыс қарамауынан әлсіреген деп кінә артып отыр екен. Ол осыдан кейін Құрманғазы ауданына арнайы барған. Ауру жылқылардан кене таппаған. 

Бүгін, 30 наурызда Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі Исатай және Құрманғазы аудандарында жылқы малының неден өлгені анықталғанын хабарлады. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, олардың себебін анықтау үшін 25 наурыз күні жергілікті ветеринар мамандар сынама алып, Ұлттық ветеринариялық референттік орталыққа тапсырған. Аталған орталық жылқыларда инфекциялық анемия мен ринопневмония аурулары яғни аса қауіпті жұқпалы аурулар болмағанын анықтады.

«Ал ветеринария мамандары олардан паразитарлық ауру белгілеріне ұқсас жағдайды байқағандықтан, облыстық ветеринариялық зертханаға да паразитарлық ауруларды анықтау үшін сынама тапсырылды. Зерттеу нәтижесі шыққан соң қосымша жарияланады. Малы ауырғанын хабарлаған бірнеше азаматтың жылқыларына қазіргі уақытта жергілікті жердегі ветеринар мамандары симптоматикалық емдеу жұмыстарын жүргізуде», - дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімдігі өңірге Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты мамандарын алдыруда. Олар 31 сәуір мен 2 сәуір аралығында аталған аудандарда сынама алып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама