×

Аптасына 330 мың теңге табады: гипстен «копилка» жасайтын ауыл тұрғынымен сұқбат

Жаңақорғандық тұрғынның кәсібі Tiktok желісі арқылы танылған.

 Ая Өміртай 02.03.2023 | 12:13
Коллаж: Halyq Uni

Жаңақорғандық Гүлжайна Баймаханова үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп отыр. Нағырақ айтқанда гипстен тиын салатын ойыншықтар жасап, Қазақстанның түкпір-түпкіріне сатумен айналысады, деп хабарлайды Halyq Uni

Бүгінде Tiktok әлеуметтік желісі кең қолданыс тапқалы бері танымал болу да, кәсіп жүргізу де жаңаша, белсенді сипатқа ие болды. Өзін төрт баланың анасымын деп таныстырған 31 жастағы Гүлжайна аталған әлеуметтік желіге тіркелген соң Қазақстанның әр өңірінен жиі тапсырыс ала бастағанын айтады. Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Кейден ауылының тұрғыны. 

«Бастапқыда торт пісірумен, шар сатумен айналыстым. Биыл үйде отырып, гипстен «копилка» жасай бастадым. Әуелгіде дүкендерге, аудан орталықтарына өзім арқалап апарып, аз-аздан сатып жүрдім. Бірақ әлеуметтік желіге тіркелген соң, тапсырыс беретіндер көбейіп кетті», – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

Гүлжайна 25 кило гипсті жергілікті базардан сатып алады. Үйінің кіре берісін шағын шеберханаға айналдырған ол таңнан кешке дейін түрлі-түсті ойыншықтарды жасауға кіріседі. 

«Таңертең бастасам, кешке дейін шамамен 150-200 дана копилка құямын. Кепкен соң бояп, жылтыр қағазға әдемілеп ораймын. Өзім жалғыз істеймін. Ал айына орта есеппен алғанда мыңнан аса «копилка» жасаймын. Осының барлығын аяқ киім шешетін кіре берісте жасаймын. Копилка жасау үшін көп зат керек емес. Бар болғаны құрылысқа пайдаланатын гипс, су, қалып керек. Одан кейін адамда ынта болса, кез келген кәсіп өрлейді», – дейді Гүлжайна сенімді түрде. 

Tiktok желісінде кәсібі таныла бастаған соң, Гүлжайнаға Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан елдерінен де хабарласушылар жиілеген. 

«Жол алыс болғандықтан сырт елдерге жіберу әзірге мүмкін емес. Оларға жіберуге уақытым да жоқ, өзімізден үлгермеймін. Бұған дейін ауыл, аудан көлемінде ғана сатып келдім. Tiktok желісіне қалай келдім, солай Қазақстанның балық аймақтарына жібере бастадым. Бүгін, мысалы, Астана мен Оралға 50 данадан ойыншықтар салғалы отырмын. Көбіне тойбастарға алады. Бағасы 1000 теңге мен 5 мың теңге аралығында. Алғашқыда 8 қалыппен ғана бастағанмын. Үстінен көрген түсімнен қазір қалыптарды көбейттім», – дейді Гүлжайна Баймаханова.

«Қанша табыс табасыз?» немесе «кәсіпті қалай бастаймыз?» деген сауал кәсіпкерге жиі қойылатын сұрақтардың бірі. 

Менен айына қанша табыс табасың деп көп сұрайды. Бір аптада 330 мың теңге тапқан кездерім болды. Қандай кәсіп бастасам да, отбасым, жолдасым үнемі қолдайды. Қалай сату керек? Алыңыз, бастаңыз, сатыңыз. Тауарыңызды жайып қойыңыз, сатып алушы өзі келеді. Мида «сата алмаймын» деген сигнал болмауы керек, – деген Гүлжайна алдағы уақытта іске асырғысы келетін арманын да атап өтті.

«Аудан орталығынан кәдесыйлар дүкенін ашқым келеді. Қазір таңнан кешке дейін тоқтамай жұмыс істеймін. Сіздің алдыңызда ғана 100 дана тапсырыс алдым. Тамыз айына 200-дей тапсырысым бар. Қазір кәсібімді кеңейту үшін көмекші іздеп жатырмын», – дейді.

Әрине, арманның үлкен, кішісі болмайды. Бастысы ойға алған арманның орындалғаны емес пе?!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама