Сайлау науқанына байланысты елордалықтар автобуспен тегін жүретін болды
Қоғамдық көлік әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес, сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін қатынайды
19 наурызда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Сол күні елордада қоғамдық көліктер қалалық және қала маңындағы маршруттарда тегін болады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Қоғамдық көлік әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес, сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін қатынайды. Ал 20 наурыздан бастап қоғамдық көлік қолма-қол ақшасыз төлеммен штаттық режимде жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2020 жылдың наурыз айынан бастап елорда әкімінің тапсырмасы бойынша қаланың барлық кәмелетке толмаған тұрғындары үшін тегін жол жүру тәсілі енгізілген болатын. Осы уақыт ішінде оқушылар 48 миллион сапар жасады.
Сол сияқты, азаматтардың жеңілдетілген санаттары, оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар және т.б. тегін жол жүруді пайдаланады.
Еске сала кетсек, қала тұрғындары елордадағы сайлау учаскесін бірнеше тәсілмен онлайн біле алады:
1. Веб-қызмет: https://sailau.astana.kz/
2. Telegram-дағы Чат-бот: https://t.me/sailau_astana_bot
3. Smart Astana мобильді қосымшасы;
4. IKomek бірыңғай байланыс орталығы 109 телефоны бойынша.