Бір апта ішінде 5 113 шетелдік еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған
Өз елінде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 22 шетелдік ұсталды
Ішкі істер министрлігі шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзуды анықтауға арналған «Мигрант» операциясын қорытындылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция шетелдіктер шоғырланып тұратын жерлерді, құрылыс нысандарын, базарларды, шетелдіктердің еңбегін жалға алумен айналысатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді жаппай тексерді. Операция барысында көші-қон заңнамасын 9 213 бұзушылық анықталды. Олардың ішінде 5 113-і шетелдіктердің елімізде болу мерзімдерін бұзуы болып табылады.
Шетелдіктердің заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыруының 2 741 фактісі анықталып, 471 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Алматы, Атырау қалаларының құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс істеген 145 шетелдік анықталды.
Осыған ұқсас фактілер Астана, Шымкент қалаларында, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында анықталды. Оларда да құрылыс нысандарында шетелдіктердің заңсыз еңбегі пайдаланылған.
Сонымен қатар, Алматы, Шымкент, Атырау және Павлодар облыстарында шетелдік жұмыс күшін бірнеше рет заңсыз тартқан жұмыс берушілер анықталып, оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 395-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оларда болған шетелдіктер туралы полицияға уақтылы хабарламағаны үшін 3 631 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елімізден тыс жерге шығару туралы 674 сот шешімі шығарылды.
Бұған қоса, қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты бірнеше рет құқық бұзушылық жасағаны үшін азаматтық сот өндірісі шеңберінде 62 шетелдікке қатысты елден тыс жерге шығару туралы шешім шығарылды. 145 шетелдік мәжбүрлі түрде шығарылды. Барлық шығарылғандарға Қазақстанға 5 жылға келуге тыйым салынды.
Сонымен бірге өз елінде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 22 шетелдік ұсталды.
Рейдтер өткізу кезінде:
• Жамбыл облысында ҰҚК Шекара қызметімен бірлескен әркеттердің нәтижесінде елімізге заңсыз келген Пәкістанның 9 азаматы ұсталды;
• Алматы қаласында 2022 жылғы қарашада өткізу пунктінен тыс мемлекеттік шекараны заңсыз кескен Қырғыз Республикасының азаматы анықталып, құрықталды.
Осы фактілер бойынша, сондай-ақ заңсыз келушілерге баспана ұсынған адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, операция барысында полиция қызметкерлері қандай да бір себептермен жеке басты куәландыратын құжаттарды ала алмаған адамдарды құжаттандыруға көмек көрсетті. Осылайша, 53 жыл бойы құжаттарсыз жүрген 1970 жылы туған Атырау тұрғынына жеке куәлік алуға ықпал етілді. Мұндай көмек Алматы қаласында, Қызылорда және Түркістан облыстарында да көрсетілді.