×

Жетісу облысында ер адам ұрланған тауармен мерекелік дастархан жайған

Күдікті бұрын адам өлтіргені үшін сотталған болып шықты

 Динара Амантай 01.03.2023 | 15:02
Фото: polisia.kz

Жетісу облысында істі болған азамат ұрланған тауармен мерекелік дастархан жайған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қаратал ауданының полицейлеріне Үштөбе қаласының 52 жастағы тұрғыны өзіне тиесілі дәмханадан ақша, азық-түлік пен алкогольдік ішімдіктер ұрланғанын айтып жүгінген.

Бір тәулік ішінде күдікті анықталды. Ол бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жылдан аса уақыт қамауда отырып шыққан 34 жастағы ер адам болып шықты. Белгілі болғандай, ол дәмханадан 12 торт, 4 бөтелке қызыл және ақ шарап, 1 шампан, 1 арақ, 5 шырын, 5 энергетикалық және 7 газдалған сусынды ұрлаған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 70 мың теңгеден асады.

Факті бойынша іс жүргізу полиция қызметкерлері Заңғар Әлімбаев пен Марат Керімбаевқа тапсырылды. Олар күдіктіні ұстап, аудандық полиция бөліміне жеткізді. Ер адам қазір қамауға алынды. Тергеу ҚР ҚК-нің 188- бабы («Ұрлық») бойынша жүргізіліп жатыр, – делінген Қаратал аудандық полициясының хабарламасында.

Жәбірленушіге келтірілген шығын толығымен өтелді. Ол полиция қызметкерлеріне адал қызметі үшін алғыс білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама