Қозыбаев атындағы университеттің студенті шаһарға оның көне атауын қайтару туралы ұсынысын айтты
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков шаһар атауын өзгертуге қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімі бүгін тұрғындармен дәстүрлі есеп беру кездесуін өткізді. Жиында облыс орталығының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесі және болашақта атқарылатын жұмыстар жайлы айтылды. Басқосуға қаланың түкпір-түкпірінен тұрғындар ZOOM арқылы қосылды. Қала басшысы екі сағатқа жуық уақыт бойы халықтың сұрағына жауап берді.
«Біз - жастар жергілікті билік өкілдерінен Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгертуін сұраймыз. Және осы қалада қазақ тілін мейлінше дамытсақ дейміз. Сіздерге қарап тәлім-тәрбие алатын болсақ, ертең біздің артымыздан ерген кейінгі толқын да қазақ тілін дамытуға жұмыла атсалысады деп ойлаймыз. Біз қоғам болып осы істе бірігуіміз керек. Сонда ғана болашақта үлкен нәтижелерге жетеміз. Біздің мақсатымыз айқын. Сондықтан біздің шаһарға оның көне атауын қайтарсақ нұр үстіне нұр болар еді», - деді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, тіл және әдебиет факультетінің бірінші курс студенті Нұржан Сайлаубекұлы.
Еске салайық, жақында Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысында Қапшағай қаласын қайта атау туралы ұсыныс мақұлданып, жаңадан құрылатын облыс орталығына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілетін болды.
Қапшағай қаласының атауын өзгертуге туралы жаңалықтан кейін қоғамда Павлодар мен Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы ұсыныстар айтыла бастады. Міне, бүгін сондай ұсынысты бірінші курс студенті Нұржан Сайлаубекұлы жасап отыр.
Қазір өңір тұрғындарының көбі қазақ тілінде сөйлей бастады. Бірақ қала атауын бірден өзгерту мүмкін емес. Өз уақыты, мерзімі келеді. Бұл мәселені біз бір күнде шешіп тастаймыз деп те айта алмаймыз. Қазір одан да басқа маңызды жұмыстар бар, - деді қала әкімі Болат Жұмабеков.