×

Қаржы маманы әлеуметтік желі алаяқтарының қалай алдайтынын айтып берді

Алаяқтар «пайызсыз несие алып беруге» көшкен

 Ербол Тұрымбет 01.03.2023 | 10:10
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Әлеуметтік желілерде «пайызсыз несие алып берушілер» көбейді. Fingramota.kz жұртты Telegram желісінде кең таралған осындай алаяқтардан сақ болуға шақырып отыр. Олар адамды алдап, қақпанына түсіру үшін құйтұрқылықтың небір түріне барады. Мысалы, «біздің компания бүгінде ақшаға мұқтаж адамдардың бәріне көмек көрсетуге дайын», «Сіз ресми түрде жұмыс істемесеңіз де сізге несиенің берілетіне кепіл боламыз», «несие ресімдеген адамның барлығына ай сайынғы 1 төлемін жауып береміз» деген сықылды жарнамаларын күн сайын жариялайды. Ал олардың арбауына түсіп қалмас үшін қандай белгілерін білу керек? Ол туралы бізге Қазақстан қаржы мәдениеті қоры директорының орынбасары Нұркен Шардарбеков айтып берді.

Маманның айтуынша, қазір шынымен несиелік көмек береміз деп шығып жатқан жарнама көп. Олар «қолма-қол несие несие немесе тауарлық несие алуға көмек береміз» деп, делдалдық қызметін ұсынады. Әлеуметтік желілер ішінде көбіне фейсбук пен инстаграммда таралған.

Олар «несие тарихыңыз нашар болса да 100 мыңнан 2 млн теңгеге дейін береміз, кепілсіз, алдын-ала төлем керегі жоқ, пайызсыз, тез рәсімдейміз» деген жарнама жасайды. Одан басқа «сізге шұғыл ақша керек болса, тауарды бөліп төлеуге рәсімдейміз. Сосын жақсы бағамен сізден сатып аламыз» дейді. Сарапшы ондай жарнамадан 100% сақ болу керектігін айтады.

Мысалы, олар адаммен сөйлесіп, жауап бергенде де тек whats app не telegram желісімен сөйлеседі. Өйткені ол жерде жазғандарын өшіріп тастауы мүмкін. Сосын жойылып кететін хабарлама режимі бар.

Олардың екі әдісі бар. Біріншісі, несиені қолма-қол ақшамен рәсімдеу. Ол үшін интернет алаяқтары жәбірленушінің жеке мәліметтерін сұрап, бәрін біліп алады. Мысалы, несие шығарып беру үшін керек деп жеке куәлік нөмірін, төлем картасының нөмірін, шот нөмірі сынды толық деректерін біліп алады. Мысалы, онлайн несие алатын азаматтардың мобильдік қосымшаларда жеке кабинеті болады. Соның құпиясөзін біліп алады. Жеке кабинетін бұзып кіріп алған соң сол адамның атына несие ала береді. Тек смс-код келу үшін өз телефондарына ауыстырып алады. Сосын несие мақұлданған кезде өз шоттарына аудара салады. Сіз оны білмей де қаласыз, – дейді Нұркен Шардарбеков.

Оның сөзінше, алаяқтар AnyDesk пен TeamViewer бағдарламаларын да белсенді қолданады. Солар арқылы жеке мәліметтерді біліп алады. Көбіне алаяқтар әр түрлі шоттарда арасына заңсыз алынған ақша аударып, дропперлерді пайдаланатын жайттар да бар екен. Ал дроппер дегеніміз солардың ақша шешетін көмекшілері болып шығады. Олар ақшаны шешкен соң өздеріне 10-20%-ын алып, қалғанын сол алаяқтарға жібереді. Кейін полиция ұстап жатқанымен олар тек куәгер ғана болып қалады.

Маманның сөзінше, екінші әдісі, тауарлық несие рәсімдеу. Сол делдалдық қызмет ұсынушылар мәліметтерді жинап, ақшаның орнына тауарлық несие алып береміз деп уәде береді. Соның арасында тура жоғарыдағыдай телефондарын өзгертеді. Бірақ ақшаның орнына қымбат-қымбат ұялы телефон, техника, теледидар алады. Соны алған соң whats app не telegram-мен байланысқа шығып, «сіздің атыңызға несие шықпады, кешіңіріз, бір айдан кейін тағы хабарласыңыз» деп өтірік айтады. Немесе ұялы телефонды несиемен бірнешеуін алады да сізге тек біреуін ғана көрсетеді. «Міне, бір телефон шықты, осындай дүкеннен алып кетесіз» дейді. Қалғанының бәрін өздері курьермен алдырады. Яғни олар дүкенге барып та жүрмейді. Қайтадан сол дроппер немесе такси қызметтерін пайдаланады. Ал негізгі тұтынушы алданғанын несиені төлейтін кезде, яғни бір айдан кейін ғана біледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама