Түркістан облысында жоғалған аңшыны іздеуге 100 адам жұмылдырылды
Оның табылмай жатқанына 5 күн болды
Түркістан облысының полицейлері су қоймасына аңшылыққа барып, жоғалып кеткен тұрғынды іздестіріп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 24 ақпанда Бәйдібек аудандық ПБ-ға Жүзімдік ауылынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Арыстанды өзенінің бойында жергілікті тұрғынның жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Аңшыны іздеу жұмыстарына 100-ге тарта адам жұмылдырылды. Оның ішінде полиция, сүңгуірлер, төтенше жағдай қызметкерлері, еріктілер, ауыл тұрғындары мен жоғалған адамның туыстары да бар. Оған қоса дрон аппаратының көмегімен 40 шақырымдай жерге шолу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған жайт бойынша полиция «Адам жоғалу» дерегімен қылмыстық іс тіркеді. Су қоймасындағы суды азайту мақсатында арнайы техникалар жұмылдырылып, қосымша арналар қазылып жатыр.