×

Астанада ғылым мен бизнес өкілдері бес жоба бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті

Наурызда ғылым өкілдері 300 млн теңге гранқа өтінім бере алады

 Айгерім Таубай 28.02.2023 | 17:00

Астанада «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» диалог алаңында бизнес пен ғылым өкілдері 5 ғылыми жоба бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге келді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтында өткен жиында 30 ғылыми жоба арасынан іріктелген 8 жоба бизнес өкілдеріне таныстырылды. Нәтижесінде 5 жоба бойынша авторлар 300 млн теңге грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ биыл 65 ғылыми жобаны қаржыландыруға мемлекет тарапынан 17 млрд теңге бөлінген.

Жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ҒЗИ» басқарма төрағасы Нұржан Муслимов және «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әбділда Шәменов қатысты.

ҚАНДАЙ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР ҰСЫНЫЛДЫ?

«Ғылым қоры» акционерлік қоғамы инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаровтың айтуынша, жобаларды іріктеу барысында қоғамдағы сұраныс ескерілген.

Сегіз жобаны іріктеп алудағы басты талап – коммерциялық жағынан тиімді болуы. 30 жобаны қараған кезде нарықтағы сұраныс, тұтынушылардың болуы да ескерілді. 8 жоба нарыққа шығуға салыстырмалы түрде оңтайлы, - деді Омаров.

Бұл жобалар бойынша «Ғылым қоры» мамандары презентация жасауға көмек көрсетті. Ал іс-шараға 50-ден аса бизнестің өкілдері қызығушылық танықтан.

«2022 жылы ғылым мен бизнесті біріктіру мақсатында «Ғылым қоры» төрт іс-шара ұйымдастырды. «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» аясында 31 аяқталған жобаның презентациясын Қазақстанның бизнес өкілдеріне ұсындық. Оның ішінде 16 жоба бойынша бизнес пен ғылым арасында технологияларды коммерцияландыру бойынша бірлескен келісімшарт жасасты», - деді Құрманғазы Омаров.

Бизнес өкілдеріне таныстырылған ғылыми жобалар арасында тоқыма өндірісінің қалдықтарынан қалпына келтіру, пайдаланылған өсімдік майын экологиялық тазарту, өртті сөндірудің микрокапсулярлық стикерлерін жасау технологиясы, таңқурайдың элиталық сұрыптарының вируссыз отырғызу материалын өндіру секілді жобалар болды.

Сұраныс бар деп танылған жоба әрі қарай грантқа өтінім бере алады.

НАУРЫЗДА 300 МЛН ТЕҢГЕ ГРАНТҚА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАНАДЫ

«Технологияларды коммерцияландыру реакторы» диалог алаңы ғылым мен бизнес өкілдерін біріктіріп, әрі қарай грант конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Ал оған өтінімдер наурыздан бастап қабылданады.

«Технологияларды коммерцияландыру бойынша гранттарға конкурс наурызда басталады. Бұл конкурс аясында қазақстандық бизнес өкілдері мен ғылым өкілдері бірлесіп берген өтінімі нәтижесінде 300 млн теңгелік грант алу мүмкіндігі бар. Бұл грант – қазақстандық өнертапқыш, ғалымдарының әзірлесемін өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін мемлекеттің қолдау қаржысы. Жобаны жүзеге асырудың максималды мерзімі 3 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Оптималды мерзімін жоба жетекшісі өзі бекітеді. Бізде бір жылдық, екі жылдық жобалар да болды», - Құрманғазы Омаров.

Биыл жоспар бойынша 65 жобаны қаржыландыруға жететін қаржы бөлінген.

Гранттық қаржыландыру аясында барлық сала бойынша жобалар қаржы алуға мүмкіндігі бар. Ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы кешені, атом энергетикасы, энергетика, альтернативті энергия көздері, металлургия және химия, жеңіл өнеркәсіп, оқу-ағарту, туризм саласы да бар, - деді Құрманғазы Омаров.

Конкурс талабы бойынша өтініш беруші қоса қаржыландыру көзін тартуы керек.

«Грант көлемінің 20 пайызынан кем емес деңгейде қоса қаржыландыру көзі болуы керек. 300 млн теңге грант алу үшін 60 млн теңге қоса қаржыландыру қажет. Оны бірінші кезекте бизнес өкілдерінен тарту қарастырылған», - деді «Ғылым қоры» АҚ инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры.

«ТЕХНИКАЛЫҚ МАҚСАТТАҒЫ МАЙ ҚАЖЕТ»

Грант алуға мүдделі мамандардың бірі – Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы Жұлдыз Сатаева. Жиында маман пайдаланылған өсімдік майын экологиялық тазарту жобасын таныстырды.

Қазақстанда шығатын күнбағыс, зығыр, соя, мақсары майы шығады. Соған қатысты өзекті мәселенің бірі – қоғамдық тамақтанудан шығатын пайдаланылған май. Оның бәрі кәріз жүйесі бойынша төгіліп жатыр. Ол судың сапасын нашарлатып, экологияға кері әсер етеді. Сол үшін регенерация (пайдаланылған өндіріс бұйымдарын белгілі операциялар арқылы өндіріс процесінің бастапқы бұйымдарына айналдыру) жасап, оны әрі қарай азық және техникалық мақсатта қолдануға болатынын ойладық, - дейді Жұлдыз Сатаева.

Айтуынша, жобаны іске асыруға жарты жыл уақыт кеткен.

«Елімізде техникалық мақсатта пайдаланылатын май жеткіліксіз. Бұл салаға да өте қажет өнім», - деп таныстырды жобасын маман.

ЖИЫН ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Кездесу қорытындысы бойынша бизнес және ғылыми ұйымдар өкілдері 5 жоба бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Оның ішінде бар жобалар:

  • тоқыма өндірісінің қалдықтарынан қалпына келтіру;
  • өртті сөндірудің микрокапсулярлық стикерлерін жасау технологиясы;
  • «Рopulus» плантациялық орман өсіру;
  • таңқурайдың элиталық сұрыптарының вируссыз отырғызу материалын өндіру;
  • пайдаланылған өсімдік майларын экологиялық тазарту.

Жаңа жобаларының жалпы құны шамамен 2 млрд теңгені құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама