Оның теріс әрекеті бейнежетонға түсіп қалған
Түркістан облысында тәртіп сақшысына пара беруге тырысқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сауран ауданы аймағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдеп тұрған полицей көлігінің алдыңғы терезесі жарылған Opel Vectra көлігін тоқтатқан. Жүргізушіге заңға сәйкес хаттама толтыру кезінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін полицейге пара бермекші болады.
Патрульдік полиция тарапынан пара беру заңға қарсы әрекет екені бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, заң бұзушы ақша ұсынған. Мұның бәрі патрульдік полицейдің бейнежетонына түсірілген.
Ақпарат бойынша тексеру кезінде ер адам өзінің теріс әрекетін толық мойындады.
Іс ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігі («Пара беру») бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жүргізушіге заңға сәйкес ҚР ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігі («Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.