×

Онкологиялық аурулардан өлім-жітім деңгейі жоғары өңірлер аталды

Жыл сайын елімізде 13 мыңнан аса адам қатерлі ісіктен қайтыс болады

 Динара Амантай 28.02.2023 | 14:12
Фото: AFP 2023 / STR

Қазақстанда халыққа онкологиялық көмек көрсету шараларын күшейту жоспарланып отыр. Бұл туралы мәселе премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанда жыл сайын онкологияның 37 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл ретте 20 жыл ішінде өлім-жітім деңгейінің 33% төмендеуіне қарамастан, қатерлі ісік жыл сайын 13 мыңнан аса адамның өмірін қияды екен. Ол дертке шалдыққан науқастардың жартысынан көбі – еңбекке жарамды жастар.

Мұндай көрсеткіштердің басты себебі – ауруды кеш анықтау. Сізде ең жаңа жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, заманауи ауруханалар болуы мүмкін, бірақ ауруды ерте сатысында анықтай алатын жоғары білікті мамандар қажет. Сондай-ақ халықпен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы өңірлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Бұл қалалық және ауылдық тұрғындар, өңірлер мен Астана арасындағы медициналық қызмет көрсету деңгейіндегі теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстандықтар диагноздың кеш анықталуы, жергілікті жерлерде медициналық мекемелердің нашар қамтамасыз етілуі, медицина қызметкерлері мен дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымданады. Мұның бәрі онкологиялық аурулардан өлім-жітімнің жоғары болуына әкеп соғады, — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында анықтау деңгейі төмен және өлім-жітім деңгейінің өте жоғары екені анықталып отыр.

«Бұл – өте маңызды мәселелер. Оларды жүйелі түрде шешу қажет. Адамдардың отандық медицинаға деген сенімін, тұрақты тексеруден және сапалы емдеуден өту қажеттілігін қалпына келтіру керек. Ол үшін біз жаңа онкологиялық клиникалар саламыз, жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып аламыз, заманауи емдеу әдістерін енгіземіз. Бұған онкологиялық аурулармен күресудің жаңа кешенді жоспары да бағытталған», – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр атап өткендей, бүгінде скрининг бағдарламаларымен қамтылған азаматтардың үлесі 20%-дан аз болып отыр. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне профилактикалық тексеру, әсіресе онкологиялық аурулардың мақсатты топтары мен бағдарламаларын кеңейту тапсырылды.

«Адамдарды өз денсаулығына мұқият болуға, үнемі тиісті тексерулерден өтуге сендіру керек. Ол үшін Денсаулық сақтау және Ақпарат министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуі керек, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама