Қазақстанда жалға берілген 36 мың пәтер тозып жатыр – ИИДМ

Дәурен Ерболат

Биыл тағы 10 мың пәтер жалға беріледі

Фото: polisia.kz

Алдағы уақытта қазақстандықтарға жалға берілген 36 мың пәтердің тозығы жетуі мүмкін. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде жалға берілетін үйлерді жекешелендіру мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Қазір Парламентте жатқан заң жобасында ол мәселе қарастырылмаған. Бұл мәселені мүгедек жандар және интернатта тәрбиеленген балалар (жетімдер – авт.) көтерді, - деді министр Үкімет отырысынан соң.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде жалға берілетін 36 мың пәтер бар. Бүгінде олар тозып жатыр.

«...Осы уақытқа дейін салынып, жалға берілген 36 мың үй бар. Биыл тағы әкімдік тарапынан 10 мың үйді сатып алуға қаржы бөлдік. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалға берілетін 46 мың үй болады. Жалпы келісемін, үйлердің иесі болмағандықтан тозу деңгейі де қарқынды болып жатыр. Сондықтан кейбір топтарға өз құнымен, яғни қанша ақшаға салынған немесе алынған болса, сол құнмен жекешелендіруге мүмкіндік берген жөн», - деді басшы.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұл мәселе әлі талқыланатынын атап өтті.