Halyq Uni логотип
×

Жері сорға айналған: Түркістан облысында жұрт ауылдан үдере көшіп жатыр

Бұл ауылда 5 жыл бұрын 150-ге жуық отбасы тұрған

 Еркеғали Болатұлы 28.02.2023 | 10:56
Жері сорға айналған: Түркістан облысында жұрт ауылдан үдере көшіп жатыр
фото: oimageb4.ydstatic.com

Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылынан жұрт үдере көшіп жатыр. Себебі жерасты суының кесірінен елді мекенде бүлінбеген баспана, қирамаған қора-қопсы қалмаған. Жағдай ушыға берсе, ауылда адам қалмайды дейді ашынған тұрғындар. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасы хабарлады.

Бұл ауылда 5 жыл бұрын 150-ге жуық отбасы тұрған. Ауылдағы дренаждар істен шыққалы жердің соры көтеріліп, бүгінде сол тұрғындардың жартысына жуығы баспанасын тастап, көшіп кеткен.

Жылдан-жылға ауылдан адамдар кетіп жатыр. Сатайын десе, бұл үйлерді ешкім алмайды. Қазір ауылда 40 шақты үй бос тұр. Сөйтіп бұл ауыл тарқауға айналды, - дейді Бектемір Нұржаубаев атты тұрғын.

Ауылдағы жалғыз мектептің де іргетасы үгітіле бастапты. Әсіресе жаңбырлы күндері су жерге сіңбей, ылғал қабырғаға ұрады екен. Ал ғимаратты жөндеуге ақша жоқ.

Бұған жылда жаз айында ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Бірақ бір-екі айдан кейін сор, тұздан қабырғалар сөгіліп жатыр, - дейді мектеп директорының орынбасары Қайрат Әбиев.

Жұрт үдере көшкен соң мектепте бала саны да күрт азайған. Ал 30 жыл бойы қараусыз жатқан су соратын қондырғыларды жауапты мекеме енді ғана есепке алып, қайта жөндемек.

Тік дренаждарды қайта қалпына келтіру жобасы жасалып жатыр. Ол аяқталғаннан кейін, елді мекендегі тік дренаждардың құрылысын жүргізетін боламыз. Келесі жылғы құрылысына қаржы сұратуға салалық басқармаға ұсыныс енгізетін боламыз, - дейді Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Берік Мәмбетов.

Ал ол қондырғыларды жөндеу үшін қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз. Мәселе жуық арада шешілмесе, ауылды тастап кеткеннен басқа амал жоқ дейді тұрғындар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама